Шекарада коронавирустық инфекцияға жол жоқ

Шекарада коронавирустық инфекцияға жол жоқ

              Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес облысымен: Орынбор, Астрахань, Волгоград, Саратов және Самара облыстарымен шектеседі. Пандемия басталғаннан бері мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша санитарлық бақылау күшейтілді.

              "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 148-бабының 1) тармақшасына сәйкес Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының 2020 жылғы 12 наурыздағы №47 бұйрығымен Мемлекеттік шекарада коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау, алдын алу мақсатында эпидемиологтар қатарынан тәулік бойы мамандар келетін санитариялық-карантиндік пункттер ұйымдастырылды. Барлығы 14 маман іссапарға жіберілді, олар байланыссыз жылу түсіргіштермен, жеке қорғаныс құралдарымен және антисептиктермен қамтамасыз етілген.

                Қазіргі уақытта мемлекеттік шекарада 4 санитарлық-карантиндік автоөткізу жұмыс істейді: Самара облысымен "Сырым" бекеті, Саратов облысымен "Тасқала" бекеті, Орынбор облысымен "Ақсай" бекеті, Волгоград облысымен "Жәнібек"бекеті. Осы автоөтпе жолдарда аумақтық бөлімшелердің ДСЭК мамандары контактісіз термометрия және сауалнама жүргізу арқылы тәулік бойы санитариялық-карантиндік бақылау жүргізеді.

               2021 жылдың 01 қаңтарынан бастап БҚО мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекарадағы 4 өткізу пунктінде 300 250 транзиттік азамат тіркелді, оның ішінде 208 072 жүргізуші мен 90 809 жолаушы, Қазақстанға 1 369 адам кіргізілген  жоқ.

               Барлық бекеттерде респираторлық вирустық инфекциялар (температура, жөтел, түшкіру) белгілері бар адамдарды уақытша оқшаулау үшін бөлек бөлмелер ұйымдастырылған. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында жыл басынан бері ПТР әдісімен 21 268 адам тексерілді, оның ішінде 78 оң нәтиже анықталды, оның ішінде жолаушылар арасында – 23, жүргізушілер арасында - 55 жағдай.