
Оқу жылының алғашқы 2 аптасында Шымкент қаласында мектеп оқушылары арасында коронавирустық инфекцияның 121 жағдайы тіркелді.
КВИ таралуына жол бермеу мақсатында мектептерде барлық қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізілді. Ауру жағдайлары тіркелген сыныптарда 14 күнге карантин белгіленген, байланыста болған балалар үйде оқшауланып, мектепке бармайды. Бүгінгі таңда қаланың 57 мектебінде - 114 сыныпта карантин белгіленген.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жаңа оқу жылы басталар алдында "2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды өткізу туралы" 25.08.2021 жылғы ҚР БМСД №36 қаулыдағы талаптарды таныстыру және сақтау бойынша семинарлар өткізді. Вебинарлар мектеп директорлары мен медицина қызметкерлері арасында "ZOOM" платформасы арқылы өткізілді.
Аумақтық басқармалардың мамандары тұрақты негізде қала мектептерінде коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Құрметті ата-аналар! Департамент COVID-19 індетін алдын алу үшін мектеп оқушылары бетперде киіп, қолдарын үнемі және мұқият жуып, антисептикпен өңдеу керек екенін еске салады.