
Қазіргі уақытта SARS-CoV-2 вирусынан туындаған жіті инфекцияны растаудың стандартты әдісі нуклеин қышқылдарын күшейту әдістерімен (НҚКӘ), мысалы, нақты уақыт режимінде кері транскрипциясы бар полимеразды тізбекті реакция әдісімен вирустық геномның бірегей тізбегін анықтауға негізделген. Нысаналар қатарына N, E, S және RdRP вирусы гендерінің аймақтары жатады. Полимеразды тізбекті реакция (ПТР) – биологиялық материалдағы (сынамадағы) нуклеин қышқылының (НҚ) белгілі бір фрагменттерінің аз концентрациясын едәуір арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік беретін молекулалық биологияның эксперименттік әдісі.
Адам SARS-CoV-2 вирусын жұқтырғаннан кейін ауру белгілері пайда болғанға дейінгі кезең (инкубация кезеңі) орташа есеппен 5-6 күнді құрайды және инфекция көзімен байланысқан сәттен бастап 1-ден 14 күнге дейінгі диапазонда болады. Вирус жоғарғы тыныс алу жолдарында (бұдан әрі – ЖТЖ) ауру белгілері пайда болғанға дейін 1-3 күн бұрын анықталуы мүмкін. SARS-CoV-2 вирусының ЖТЖ-дағы ең жоғары концентрациясы симптомдардың пайда бола бастауымен бірдей уақытта болады, содан кейін ол біртіндеп төмендей бастайды. Аурудың екінші аптасында төменгі тыныс алу жолдарында (бұдан әрі - ТТЖ) вирустық РНҚ-ның пайда болуы байқалады. Ауру жағдайларын клиникалық жүргізуге және инфекциялық бақылауға жәрдемдесудегі екі негізгі бағыт – тиісті материалды жедел жинау, сондай-ақ мұқият зертханалық диагностика. Зерттеу үшін ең қолайлы материалдың түрі клиникалық көрініспен және ауру белгілері пайда болған кезден бастап өткен уақытпен анықталады. Жоғарғы тыныс алу жолдарының материалы инфекцияны ерте сатысында, әсіресе ауруды симптомсыз немесе жеңіл өтетін науқастардан анықтауға жарамды. Бір пациенттен алынған мұрын-жұтқыншақ пен ауыз-жұтқыншақтан алынған аралас жұғынды материалын зерттеу кезінде респираторлық вирустарды анықтауға арналған тесттің сезімталдығының және нәтиженің сенімділігінің артатынын көрсетеді. Төменгі тыныс алу жолдарының материалын COVID-19-дың кейінгі кезеңдерінде, сондай-ақ ЖТЖ материалын зерттеу нәтижесі теріс, бірақ COVID-19-ға клиникалық күдік үшін айтарлықтай негіздер болғанда пациенттерді тексеру кезінде зерттеген дұрыс. ТТЖ материалы – өздігінен пайда болған жағдайда қақырық, эндотрахеалды аспират немесе респираторлық ауру барынша ауыр өтетін пациенттерде бронхты жуу суы. Вирусты анықтауға арналған материал зертханаға жиналғаннан кейін қысқа мерзімде жеткізілуі керек. Тасымалдау кезінде үлгілерді ұстау ережелерін сақтаған маңызды.