
Қостанай облысында «Ashyq» жобасына түрлі қызмет саласындағы объектілер қатысуда. Енді сауда орталығына, әуежайға және басқа да көптеген кәсіпорындарға ғимараттың кіреберісінде орналасқан QR кодын сканерлеу арқылы ғана кіруге болады. Бүгінгі таңда өңірде «Ashyq» бойынша жұмыс істейтін 4292 нысанның 4112-сі жоба қатысушылары болып табылса, 180-і тестілік режимде жұмыс жасауда.
«Ashyq» мобильді қосымшасы енгізілген сәттен бастап Қостанай облысында үй карантинін бұзған 1544 келуші, оның ішінде "қызыл" мәртебесі бар 1015 тұлға және "сары" мәртебесі бар 529 тұлға анықталды. Бұл адамдар үйде оқшаулануы керек, алайда санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамай, облыс тұрғындарына ауру жұқтыру қаупін туғызуда. Мұндай тәртіп бұзушыларға қатысты ҚР БМСД Қаулысына сәйкес жұмыс жүргізіледі және 30 АЕК айыппұл түріндегі әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады. Бүгінгі таңда Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандарымен үй карантинін бұзған "қызыл" мәртебесі бар келушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 26 хаттама толтырылды.
Көп жағдайда азаматтардың өзін-өзі оқшаулау режимін бұзуы білместіктен немесе қызығушылықтан туындайды. Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті амбулаторлық емделуде немесе үй карантинінде жүрген өңір тұрғындарын өзін-өзі оқшаулау режимін бұзбауға және адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тартуға шақырады. Осылайша Сіз тұрғындар арасында коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектесесіз.