Алматы мектептері жаңа оқу жылына дайын

Алматы мектептері жаңа оқу жылына дайын

     Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті аумақтық бөлімшелерінің мамандары аудандық білім бөлімдерінің, аудан әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп мемлекеттік мектептердің жаңа 2021-2022 оқу жылына әзірлігін, оның ішінде COVID-19 алдын алу бойынша санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды орындау бойынша тексеру жүргізді.

     Бүгінгі таңда 205 мемлекеттік мектептің 99%-ы жаңа оқу жылына дайын, Медеу және Бостандық аудандарының 3 мектебінде күрделі жөндеу аяқталса, Медеу және Жетісу аудандарындағы 2 мектепте жөндеу жұмыстары жалғасуда. Алматы қаласы білім басқармасының ресми деректері бойынша тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік мектептердің барлық қызметкерлері вакцинацияланды.

     Мектеп ғимаратының кіре берісінде «Ashyq» қосымшасы орнатылған. Ғимаратқа әр буын   үшін (бастауыш, орта және жоғары) жеке кіру жолдары қарастырылған. Мектептер дезинфекциялаушы және жуғыш құралдардың, санитайзерлердің азаймайтын жеткілікті қормен қамтамасыз етілді. Дәліздерде, асханаларда және мектептердің оқу сыныптарында ауаны залалсыздандыру үшін рециркуляторлар орнатылды.

     Барлық мектептерде оқушыларға медициналық қызмет көрсету ұйымдастырылған, медициналық кабинеттер толық жабдықталып, медицина қызметкерлерінің штаты жасақталды, 5 кабинетке күрделі жөндеу жүргізілді.  Білім беру объектілерінде COVID-19 бойынша санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтау мәселелері жергілікті атқарушы органдардың және құзырлы мекемелердің тұрақты бақылауында.