
Ағымдағы жылдың басынан бері көлік қызметкерлерінің арасында 1746 COVID-19 жұқтыру жағдайы тіркелді. Көлік қызметкерлері арасында ең көп вирус жұқтыру жағдайлары Алматы қаласы, Павлодар және Ақмола облыстарында тіркелді.
Коронавирустық инфекцияға ең жиі шалдыққан теміржол көлігі қызметкерлері екені анықталды, олардың жалпы сырқаттанғандар арасындағы үлес салмағы – 62%, әуе көлігі қызметкерлері – 33,4%, су көлігі қызметкерлері - 4,4% құрады.
Әрбір COVID-19 жағдайы бойынша Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары коронавирустық инфекциялардың одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастырып, науқаспен жақын байланыстарды анықтау мақсатында эпидемиологиялық тексеру жүргізеді.
Сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ», «Жолаушылар тасымалы», «Эйр Астана» шаруашылық жүргізуші көлік объектілерінің ұжымдарымен, республиканың халықаралық әуежайларының өкілдерімен онлайн кездесулер өткізілді. Мұндай онлайн кездесу барысында COVID-19 жұқтыру дерегі бойынша әрбір жағдай жеке талқыланады, көлік саласы қызметкерлерін вирустан қорғау үшін инфекцияны жұқтыру себептері анықталып, жағдайдың қайталанбауына бағытталған шаралар атқарылады. Тұрақты түрде көлік субъектілерінің қызметкерлері арасында қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат хабарланып, жұмыс ұжымында COVID-19 таралуына жол бермеу жөнінде нақты нұсқаулар беріледі.