
Инфекциялық ауруларға қарсы күрестің басты медициналық тәсілі - вакцинация. Дүниежүзінде вакцинация инфекцияларға қарсы күрестің неғұрлым тиімді, экономикалық тұрғыда үнемді және қолжетімді құралы ретінде танылған.
Инфекциялық аурулармен күрестегі алғашқы ірі жетістік 1798 жылы орын алды, ағылшын дәрігері Э. Дженнер адамды сиыр шешегімен егіп, табиғи шешекті жұқтырудың алдын алған. Ол егу әдісін вакцинация, ал сиыр шешегінен алынған материалды – вакцина деп атаған (латынның vacca – сиыр деген сөзінен шыққан). Ғылымдағы бірегей жетістік 1885 жылы Л.Пастердің ашқан жаңалығы болды. Ол микробтың «уытын» азайтса, ауру таратқыш өзінің алғашқы қалыбын өзгертіп, аурудан қорғану құралына айналатындығын дәлелдеді. Вакцина көмегімен аурудың алдын алуға И.И.Мечниковтың, П.Эрлихтың, П.Ф.Здрадовскийдің, А.М.Безредконың және басқа да көптеген ғалымдардың зерттеулері айтулы үлес қосты. Олардың еңбектерінің нәтижесінде, инфекциялық ауруларға қарсы күресте түбегшейлі шешуші жетістіктеріне белсенді иммундау жолымен ғана қол жеткізуге болатындығы айқындалды.
Жыл сайын Қазақстан Республикасында инфекциялық ауруларға қарсы 5 миллионға жуық адам, оның ішінде 1,3 млн. бала егіледі. Иммундық алдын алу саласындағы мемлекеттік саясат алдын алуға, ал сырттан әкелінген жағдайда – инфекциялық ауруларды оқшаулауға және жоюға бағытталған. Тұрғындарды вакцинациялау Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруларға қарсы тегін жүргізіледі. Қарсы егу жүргізілетін инфекциялардың атауы мен мерзімдері Қазақстан Республикасының Үкіметімен («Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2295 қаулысымен) бекітіледі.
Эпидемиологиялық тиімділігі дәлелденген кез келген инфекцияға қарсы вакцинацияға арналған шығындар осы ауруды емдеуге қажет шығындардан шамамен 10 есе төмен екендігі белгілі.