Вакцинациядан бас тартудың салдары

Вакцинациядан бас тартудың салдары

     Екпе алудан бас тарту қоғамда инфекцияға қарсы иммунитеті жоқ адамдардың көбеюуіне алып келеді және жұқпалы аурулардың өршуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осындай өршу Қазақстан Республикасында 1995 жылы орын алды. Сол жылы 1105 адам дифтериямен сырқаттанып, оның 66-сы қайтыс болды. 1995-1996 жылдары дифтерияның өршуін тоқтату үшін ҚР-да 3 жастан 60 жасқа дейінгі адамдарды жаппай иммундау жүргізілген болатын.

Осыған ұқсас жағдай полиемиелит бойынша да қалыптасты. Мысалы, Тәжікстанда полиомиелитке қарсы вакцинациямен қамту 47-50 %-ды құрады (ДДҰ ұсынған шекті көрсеткіш кемінде 95%). Бұл 2010 жылы тәжік елінде полиомиелиттің ірі ошағының пайда болуына алып келді: аурудың 500-ге тарта жағдайы тіркеліп, 29 бала қайтыс болды. Аурудың таралуы полиомиелитке қарсы 5 рет қатарынан иммундау кампаниясын жүргізу нәтижесінде ғана тоқталған.

Індет ошағы Тәжікстанмен шекаралас елдерге де таралып Қазақстанда полиомиелиттің сырттан әкелінген 1 жағдайы тіркелді. Балалардың осы инфекцияға қарсы вакцинациялану деңгейінің жоғары болуы нәтижесінде елімізде полиомиелиттің өршуі орын алған жоқ.

2005 жылы қызылшаға қарсы егілмеген жеткіншектер мен балалар арасында Қазақстанда соңғы 20 жыл ішінде бұрын соңды болмаған инфекцияның ірі өршуі тіркелді (16 мың жағдайдан артық). Бұл жұқпалы аурудың таралуы халықты жаппай иммундау көмегімен тоқтатылды.   

Қызылшаның өршуі 2011 және 2012 жылдары Еуропада тіркелді: Франция (әр жылы сәйкесінше 14966 және 859 жағдай), Италия (5187 және 682 жағдай), Румыния (4172 және 3838 жағдай), Испания (3507 және 446 жағдай), Ұлыбритания (1083 және 1903 жағдай). Аурудың өршуі халықты вакцинациямен қамтудың төмендегеніне байланысты орын алған. 

2012 жылы Украинада қызылшамен 18 мың адам, дифтериямен – 5, көкжөтелмен – 2286 адам ауырған. Дәрігерлер мұндай аурулардың таралуын вакцинациядан жаппай бас тартудың салдарымен байланыстырады.