Елорда тұрғындары үй карантині режимін ең өрескел бұзушылар қатарында

Елорда тұрғындары үй карантині режимін ең өрескел бұзушылар қатарында

       Нұр-Сұлтан қаласында Ashyq жобасы енгізілген сәттен бастап қатысушы объектілерде үй карантинін бұзған 10528 келуші анықталды. Оның ішінде 6542 адам "қызыл" мәртебеге (коронавируспен ауыратындар), 3986 адам "сары" мәртебеге ие (жақын байланыста болғандар).

Аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары үй карантинін бұзған "қызыл" мәртебесі бар келушілерге қатысты ҚР Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 37 хаттама толтырды және "сары" мәртебесі бар тұрғындарға санитариялық-эпидемияға қарсы 108 жеке қаулы шығарды. Яғни, карантиндегі науқас адамның санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзуы және айналасындағыларға қасақана жұқтыру қаупін туғызуы фактісі орын алған жағдайда, заңға сәйкес оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалады.

"Қызыл" және "сары" мәртебесі бар адамдар кей жағдайларда өзін-өзі оқшаулаудың маңызын ескермей, қала мекемелерін аралап, эпидемиологиялық жағдайды ушықтырып отыр.  

Естеріңізге сала кетейік, коронавирустың жаңа түрі – «Дельта» штамм аса  жұқпалы, әрі қысқа инкубация кезеңімен сипатталады және науқастың жағдайы күрт нашарлауы, тіпті көз жұму қаупі жоғары.

Коронавирустық инфекция пандемиясы басталғаннан бері бүкіл ел бойынша бизнес айтарлықтай шектеулермен бетпе-бет келді. Бұл кәсіпкерлік қызметтің кірісіне айтарлықтай зиян келтіреді. Осы ретте, «Ashyq» қосымшасы неғұрлым қауіпсіз қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Нұр-Сұлтан қаласының  санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кәсіпкерлік субъектілерін адал және ашық түрде жұмыс істеуге шақырады, тек сонда ғана біз вирустың қоғамдық орындарда таралуын тоқтатып, тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтап қаламыз.