ҚР электронды вакциналау төлқұжаты қай елдерде танылады

ҚР электронды вакциналау төлқұжаты қай елдерде танылады

     Электрондық «Вакцинация паспорты» азаматтарға «eGov Mobile» мобильдік қосымшасының «Цифрлық құжаттар» сервисінде барлық кезеңдерден өткеннен кейін қолжетімді. Аталмыш сервисте коронавирус инфекциясына қарсы салынған препарат атауы, доза түрі мен егу мерзімі туралы ақпарат үш тілде (kz, rus, eng)  көрсетіледі. Электронды «Вакцинация паспортында»  вирусқа қарсы жүргізілген иммундаудың заңдылығын растауға арналған арнайы QR-код  белгіленеді. Аталмыш кодты сканерлеген кезде пациенттің екпе алғандығы туралы мәліметтерді қамтитын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына көшу жүзеге асырылады.  Егер вакцинация туралы деректер көрсетілмесе, "eGov mobile" мобильді қосымшасының жоғарғы оң жақ бұрышындағы жаңарту белгісін басу арқылы "Цифрлық құжаттар" сервисін қайта жүктеу қажет.

1 шілдеден бастап Қазақстан өз аумағында алты мемлекеттің «Вакцинация паспортын» жарамды деп таныды. Тиісті Қаулыға еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов қол қойды. Бұл Қаулы ҚР азаматтарына алты елдің шекарасынан өтуге мүмкіндік береді: Венгрия, Таиланд, Моңғолия, Грузия, Қырғызстан Республикасы және Молдова Республикасы. Өзге елдермен «Вакцинация паспорттарын» өзара тану жұмыстары пысықталуда.

Қазақстанда "Вакцинация паспорты» ғана емес, вакцинаның толық курсын алғаны туралы анықтама да заңды болып саналады. Азаматтың талап етуі бойынша иммундауды жүргізген медициналық ұйым ақпараттық жүйеден басып шығарылған қағаз жеткізгіштегі анықтаманы ұсынады. Медициналық ұйым беретін анықтамада пациенттің барлық деректері көрсетілген: Т. А. Ә., ЖСН, QR-код. Бұл мәліметтер вакциналанған адамның мәліметтерін жария ету үшін емес, анықтаманың заңдылығын растау үшін көрсетіледі.

02.08.2021 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда екпенің 1-компонентімен 5 480 094 адам, 2-компонентімен 3 941 941 адам вакциналанған.