Үй жануарлары адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін

Үй жануарлары адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін

         Құтыру - ауру жұқтырған жануардың тістеуінен кейін пайда болатын, жүйке жүйесіне қатты зақым келтіретін және адам қазасына апаратын аса қауіпті жұқпалы ауру. Науқастардың 60%-ы инфекцияны иттерден, 24%-ы түлкі, 10%-ы мысық, 3%-ы қасқыр және қалған 3%-ы басқа хайуанаттардың тістеуі салдарынан ауру жұқтырады.

Инфекция жұқтырған жануар адамды қауып алса, немесе жай ғана оның сілекейі теріге жұқса, адам құтыруға шалдығуы ықтимал. Әсіресе, жыртқыш хайуанаттар адам денесінің жоғары бөлігін қапса, құтырудың жылдам таралу қаупі артады. Тұрғындардың ауруды асқындырып алуына көп жағдайда бірден дәрігер көмегіне жүгінбеуі, екпе алу кезінде тиісті талапты сақтамауы немесе толық емдеу курсын аяқтамауы себеп.

2021 жылдың 6 айында Алматы қаласы бойынша жануарлардан зардап шеккен 2 061 адам медициналық көмекке жүгінді, оның 1 074-і (52,1%) қаңғыбас иттерден жапа шеккен. Барлық жүгінушілерге құтыруға қарсы профилактикалық екпе жасалды.

Республика бойынша құтыру ауруының салдарынан адам қазасы да орын алған еді. Бұл қайғылы жағдай 2020 жылдың 28 қыркүйегінде Алматы қаласында тіркелді. Науқастың әріптестерінің айтуынша, 2020 жылдың шілдесінде (нақты күні белгісіз) Рысқұлов ауылында иесіз күшік ер адамның саусақтарын қапқан. Науқас медициналық көмекке жүгінбеген және құтыруға қарсы вакцина алмаған. Мұның салдарынан науқас құтыру ауруынан көз жұмды.

Үй жануарлары бар Алматы тұрғындары қалалық Мәслихаттың «Алматы қаласында ит асырау Ережелерін бекіту туралы» шешіміне сәйкес үй жануарларын ұстау ережелерін сақтауы тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары үй жануарларын дер кезінде ветеринарлық клиникаларда құтыруға қарсы вакцинациялауға шақырады.