
Қызылорда қаласы бойынша біршама білім беру мекемелері 100% ұжымдық иммунитет қалыптастырды. Атап айтар болсақ, №179, 215 мектептер және «Нұрбесік», «Бөбек», «Қарлығаш» балабақшалары толық құрамда коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алды. Білім беру мекемелерінің қызметкерлері екпе алуды сәуір айында бастаған.
Жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандары облыс аумағындағы еңбек ұжымдары арасында иммундаудың маңыздылығы туралы ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізіп келеді. Аймақта COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинация жүргізу үшін 106 екпе кабинеті қарастырылған. Індетке қарсы вакциналардың тұрғындарға қолжетімділігін артыру мақсатында бүгінгі күні аймақтағы ірі сауда орындарында 3 егу пункті ұйымдастырылды. Шалғай елді мекендердің тұрғындарын вакцинамен қамту үшін 37 жылжымалы бригада жұмыс жасауда.
Облыс деңгейінде құрылған мониторингтік топтар вакциналардың тасымалдануы, сақталуы, КВИ-ге қарсы екпе жұмыстарын жүргізуде регламент талаптарының және санитариялық-эпидемиологиялық талап пен ережелердің сақталуы, екпе алған тұрғындарға медициналық тексерудің жүргізілуін тұрақты бақылауға алған.
1 ақпан мен 29 шілдесі аралығында облыста вакцинацияның 1 компонентімен егілгендер саны – 227 019, 2 компонентімен егілгендер саны – 154 755. Вакцина салдырған адамдар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.