
Жаз айлары мектеп оқушылары асыға күтетін кезең. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру білім мен тәрбие беру үрдісінің маңызды құрамдас бөлшегі. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 17 қаулысына сәйкес балалар сауықтыру лагерьлерінің қызметіне рұқсат етілген. Алайда, коронавирустың таралуы қаупі жас жеткіншектердің демалысын ұйымдастыру барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың толық орындалуын талап етеді.
Пандемия кезінде жазғы тынығу лагерлеріне қатысты Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 26 мамырдағы №24 Қаулысымен шектеу шаралары, лагерьлердің қызмет алгоритмі бекітілді. Бұл талаптар меншік нысанына қарамастан барлық мектеп жанындағы және қала сыртындағы балаларды сауықтыру нысандарына таралады. 2021 жылғы 26 шілдедегі жағдай бойынша республика аумағында 153 балаларды сауықтыру ұйымы санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды.
Сондай-ақ, барлық сауықтыру ұйымдары Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі №146 бұйрығымен бекітілген «Балаларды сауықтыру және санаториялық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға» сай келуі тиіс. Балалар лагерьлеріне ерекше тәртіппен және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Тексеру барысынды лагерьлерде талаптардың тиісті деңгейде сақталмағаны анықталса, Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Мектеп жанындағы лагерьлерді ашу карантин кезеңінде санитариялық қағидалардың талаптары мен санитариялық-эпидемияға қарсы талаптарды қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу өлшемшарттарына сәйкес жүргізіледі. Өлшемшарттарға сәйкес «жасыл» аймақта балалардың жазғы лагерьлері шектеусіз жұмыс істейді, «қызыл» аймақта нысанның толтырылуы 30 пайыздан, «сары» аймақта - 50 пайыздан аспауы талап етіледі.
Балалар лагеріне дем алуға жолданған әрбір жеткеіншек денсаулық жағдайы туралы құжаттарды ұсынуы тиіс. Олардың қатарында 079/е нысаны «сауықтыру лагеріне баратын оқушыға» медициналық анықтама, инфекциялық аурулармен, оның ішінде COVID-19 бойынша ауру адамдармен байланыстың жоқ екендігі туралы анықтама және демалыс нысанына келген сәтке дейін кемінде 72 сағат бұрын жүргізілген COVID-19 вирусын жұқтырмағаны туралы ТПР-тесттің теріс нәтижесі болуы тиіс.