
Алматы облысында соңғы екі аптада "Ashyq" қосымшасымен кірушілердің ең көп саны тіркелген 14 бизнес нысан анықталды. Оларға "Ashyq" көшбасшылары" мәртебесі берілді.
14 шілде мен 26 шілде аралығында анықталған көшбасшы нысандарының арасында қоғамдық тамақтану, бассейн, СПА орталықтары, кинотеатр және балалар ойын-сауық орталығы бар.
"Алғашқыда адамдарда жоба бойынша әр түрлі сұрақтар туындады. Ал қазір олардың пікірлері өзгерген. QR-кодты сканерлеу мекеменің келушілері мен қызметкерлерінің қауіпсіздігіне кепілдік береді. Біз "Ashyq" жобасына қатысудың барлық санитариялық нормалары мен шарттарын орындап, басқа кәсіпкерлерге барлық ережелерді ұстануға шақырамыз", - деп атап өтті жоба көшбасшылары.
QR-кодты сканерлеу кезінде Алматы облысында "қызыл" және "сары" статусы бар 235 келуші анықталды, оның ішінде "қызыл" статус 69, "сары" статус 166 келушіде болған.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, облыста 1734 кәсіпкер "Ashyq" мобильді қосымшасын қолданады, оның ішінде жоба қатысушылары – 1225, тестілік режимде – 509 нысан бар.
Алматы облысында "Аshyq" жобасын енгізу басталғаннан бері мониторингтік топтармен, қызметін жүзеге асыратын 795 нысан қамтылып, 87-сі "Ashyq" жобадан шығарылды.