
Пандемия басталғаннан бері Ақтөбе облысының аумағында коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу мақсатында Ресей Федерациясымен ел шекарасында орналасқан "Жайсаң" және "Әлімбет" өткізу пункттерінде тәулік бойы санитариялық-карантиндік бақылау жүзеге асырылуда.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы "Жайсаң", Қарғалы ауданы "Әлімбет" санитариялық-карантиндік пункттерінде санитариялық бақылау тәулік бойы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес жүргізіледі.
Эпидемиологтар шекарадан өтетін адамдарға тәулік бойы термометриялық бақылау және сауалнама жүргізіп, ПТР тестілеуінің теріс нәтижесі бар анықтама талап етеді.
Өткен жылдың 6 қазанынан бастап, биылғы 15 шілде аралығында "Жайсаң" және "Әлімбет" бекеттерінде мемлекеттік шекара арқылы барлығы 178770 адам өтті, оның ішінде анықтамасы жоқ 8050 адам карантиндік стационарға жатқызылды, Ресей Федерациясынан келген 97 адамнан COVID-19 анықталды (32 жолаушы, 65 жүк көлігінің жүргізушісі). Қазақстан Республикасына анықтамасыз келген Ресей Федерациясының 250 азаматы кейін қайтарылды.