Алматыда антирекорд: эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы вирустың «дельта» нұсқасымен байланысты

Алматыда антирекорд: эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы вирустың «дельта» нұсқасымен байланысты

Алматыда КВИ таралуы бәсеңдемей отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қаланың Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.

Ж. Бекшиннің айтуынша, өткен тәулікте Алматыда қауіпті індетті жұқтырған 638 жаңа жағдай тіркелді. Бұл – биылғы жаздағы ең жоғары көрсеткіш. Маусым айының соңғы күндерінен бастап коронавирустың үнділік нұсқасының таралуымен байланысты, қаладағы күнделікті ауру жұқтыру кқрсеткіші 600-ден асқан.

«Жыл басынан бері қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған 60 мыңнан астам науқас тіркелді. Шілде айының басынан бері 4 610 адам қауіпті індетке шалдыққан. Ал өткен аптада 3 085 жағдай тіркелді. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,4 есе артық»,  - деді Алматының Бас санитарлық дәрігері.

Ж. Бекшин КВИ-дің жаңа «дельта» нұсқасы аса жұқпалы және оның клиникалық сипаты ауыр екенін айтты.

«Өздеріңіз білетіндей зерттеулер «дельта»-вариант коронавирусының айналымдағы нұсқаларының 78-80%-ын құрайды, «альфа» (Британдық) –16%, СOVID-19 (Ухань) 3%-ды құрайды» - деді Ж.Бекшин.

Өткен 7 күнде симптомды науқастардың үлес салмағы  53%-дан 88%-ға дейін артты. Бұл ауыр клиникалық көріністер тудыратын «дельта» патогендік нұсқасының таралуымен байланысты.

Ж. Бекшин Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалға жүргізілген апталық мониторинг қорытындылары туралы да айтты. Талдау нәтижесінде, соңғы екі аптада балалар мен жастар арасында вирус жұқтырғандар саны артқан. 14 жасқа дейінгі балалардың 13%-і инфекция жұқтыруға бейім.

«Ең үлкен алаңдаушылық 20 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтар арасында сырқаттанушылықтың өсуі 3,4%-ға ұлғайып, осы жылы ең жоғары деңгейіне жетті (39%). Сондай-ақ 40 пен 59 жас аралығында вирус жұқтыру ықтималдығы – 25%-ды құрайды. Яғни әрбір 4-ші вирус жұқтырған адам осы жас ерекшелік тобынан", – деді Ж. Бекшин.

Сондай-ақ, 60 жастан асқан адамдар арасында індет жұқтырудың үлес салмағы 1,6%-ға төмендегені байқалады. Бұл олардың екпе алуы нәтижесінде орын алған оң өзгеріс.

Аурудың одан әрі таралуына жол бермеу үшін мегаполистің Бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарын вирус жұқтыру қауіпті жоғары орындар туралы хабардар етті, сонымен қатар, тұрғындардан адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тартуға шақырып, коронавирустың жаңа штаммының тез таралатынын ескертті.