
Нұр-Сұлтан қаласында "Ashyq" жобасы бойынша 1409 кәсіпкерлік субъектісі қатысады.
Күн сайын мониторингтік топтар карантин режимінің бұзылуын және бизнес объектілерінің шектеу шараларын сақтамау фактілерін тіркеуде. Бүгінгі күні жобаға қатысатын 82 объектіде бұзушылық оқиғалары анықталды, яғни бетперде тағу режимінің бұзылуы, адамдардың жаппай жиналу фактісі, әлеуметтік қашықтықты сақтамау, жұмыс жасау режимінің бұзылуы жиі анықталады. Осылайша, 11 маусымнан бастап бүгінгі күнге дейін Ashyq жобасына қатысатын объектілерде үй карантинін бұзған 977 келуші, оның ішінде "қызыл" мәртебесі бар 521 келуші және "сары" мәртебесі бар 456 келуші анықталды.
Санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны, сондай-ақ мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген қаулыларды орындамағаны үшін 30 АЕК айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік тәртіпке тарту көзделген. Аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары үй карантинін бұзған "қызыл" мәртебесі бар келушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 9 хаттама жасады және "сары" мәртебесі бар адамдарға санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар жүргізу туралы 72 қаулы берді.
Жоба енгізілген сәттен бастап Нұр-Сұлтан қаласында оқшаулау режимін бұзған 4648 келуші тіркелді (вирус жұқтырғандар, "қызыл" мәртебесі бар – 2239 келуші, жақын байланыста болғандар, "сары" мәртебесі бар – 2409 келуші).