
Алматы облысының бассейндері, лотерея клубтары және туризм нысандары Ashyq жобасына қосылды. Өңірде барлығы 740 нысан қосымшаны өз қызметіне енгізіп отыр.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметовтың айтуынша, 740 нысанның 616-сы – жоба қатысушы, 124-і сынақ режимінде жұмыс істейді.
«Осы аптадан бастап жоба бойынша бірқатар қоғамдық тамақтандыру орталықтары, туристік нысандар, бассейндер, сонымен бірге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдары, Талдықорған қаласының әкімдігі мен әуежайы жұмыс істей бастады. Цифрлық платформаға туризм, мәдениет, спорт және санаторий-курорттық мақсаттағы объектілер, демалыс үйлері белсенді түрде қосылуда. Қазір келушілер мен мекеме қызметкерлеріне ыңғайлы болу үшін «Ashyq» қосымшасын ғана емес, сонымен қатар Аitu қосымшасын, Kaspi.kz және Halyk Homebank банк қосымшаларын да қолдануға болады», - дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов.