Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Бүгін, Медицина саласы қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясов Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен оның  аумақтық департаменттерінің қызметкерлерін, санитариялық дәрігерлерді, эпидемиологтарды, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласы мамандарын, орта және кіші буынды медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Коронавирустық инфекцияның таралу заңдылықтарын зерттеп, қауіпті инфекцияны жаппай жұқтырудың жолын кесу үшін аурулардың алдын-алу шараларын әзірлейтін мамандардың ерен еңбегін ерекше атап өткен Ерлан Қиясов ақ халатты абзал жандарға өз ісіне деген адалдығы үшін алғысын білдірді.  

«Біздің дәрігерлер жоғары кәсібилік пен өз ісіне деген адалдықты күн сайын көрсетіп келеді. Коронавирустық инфекцияға қарсы күрес әсіресе аурудың таралу заңдылықтарын зерттеп, қауіпті инфекцияны жаппай жұқтырудың жолын кесу үшін аурулардың алдын-алу шараларын әзірлейтін эпидемиологтар, санитариялық дәрігерлер, санитариялық-эпидемиологиялық қызметте жұмыс істейтін әрбір маманның жұмысының маңыздылығы мен құндылығын дәлелдеді десем, артық айтқаным емес. Күллі адамзатқа қауіп төндірген індетпен мамандарымыз бір жарым жылдай тапжылмай күресіп келеді. Осы уақыт бойы өз өмірін қатерге тіккен медицина қызметкерлерінің әр күні сұсты жаумен күрестің алдыңғы шебінде өтіп жатыр.  Елімізде бүгін атап өтілетін Медицина қызметкерлерінің күні — науқастардың өмірін құтқарушы жандарға тағы да бір рет алғыс айтуға себеп болса керек.

Құрметті әріптестер! Сіздерге сәттілік, еңбегіңізде табыс, сергектік, мейірімділік пен оптимизм тілеймін», - деді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.

Шара соңында еңбегімен ерекше көзге түскен комитеттің қызметкерлеріне құрмет грамоталары табысталды.