Сертификатсыз медициналық қызмет заңсыз!

Сертификатсыз медициналық қызмет заңсыз!

Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті аумақтық денсаулық сақтау басқармаларымен бірігіп медициналық қызметкерлерде клиникалық практикаға жіберу үшін маман сертификатының бар-жоғына талдау жүргізуде.

Талдау 616 медициналық ұйымдарда жүргізілуде, оның ішінде мемлекеттік – 544, жеке меншік – 72.

Клиникалық практикаға медицина қызметкерлерін маман сертификатынсыз жіберу фактілері анықталған кезде әкімшілік-басқарушылық шаралары, атап айтқанда – медицина қызметкерін клиникалық практикадан шеттету, медицина ұйымдарының басшылары мен персоналды басқару қызметінің инспекторларын тәртіптік жауапкершілікке тарту қабылданатын болады.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жүргізілген осындай жұмыстар медициналық қызметкерлердің клиникалық қызметті сертификатсыз жүзеге асырудың көптеген фактілерін анықтады. Бұл бұзушылықтар медициналық қызметкерлерге 5 АЕК және лауазымды тұлғаларға 15 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болып табылады.

Шымкент қаласында 5 жалған сертификат анықталды, олар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.

Өткізілген іс-шаралардың нәтижесі бойынша Шымкент қаласы мен Түркістан облысының 18 медициналық ұйымдарында 117 медициналық қызметкерлер сертификаттардың болмауына байланысты жұмыстан шеттетілді.

Осыған ұқсас бұзушылықтар басқа аймақтарда да анықталуда:

-Қарағанды облысында 92 медициналық қызметкерлер сертификатының жоқтығынан жұмыстан шеттетілді;

-Павлодар облысында 142 медицина қызметкерлері шеттетілді;

-Жамбыл облысында 30;

-Алматы облысында 48;

-Атырау облысында 55 медицина қызметкерлері шеттетілді.

Сондай-ақ, Қарағанды облысында 13 жалған сертификат анықталды, олар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетін болады.

Бұдан басқа, жоғарыда көрсетілген өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары аталған медициналық ұйымдардың бірінші басшыларын жазалау бойынша шаралар қабылдауда.

Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді модификациялау бойынша жұмыстар жүргізіп жатқандығын айта кету қажет.

Сонымен, 2019 жылдың 1 тамызынан бастап маман сертификатының қолданылу мерзімі өткеннен кейін ақпараттық жүйелердегі медициналық қызметкердің жұмыс орны автоматты түрде бұғатталады, бұл оны жұмыстан автоматты түрде шеттетуді білдіреді.