Карантин талаптарын бұзу: Маңғыстау облысында салынған айыппұл сомасы 8 миллион теңгеден асады

Карантин талаптарын бұзу: Маңғыстау облысында салынған айыппұл сомасы 8 миллион теңгеден асады

Маңғыстау облысында карантин талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлік нысандарын тексеру шаралары жалғасуда.

2021 жылғы 1 қаңтардан 20 мамыр аралығында мониторинг топтары 1288 рейд жүргізді. Аталмыш жұмыстардың аясында 9263 нысан тексерілді.

Тексеріс нәтижесінде облыс аумағында 114 бұзушылық анықталған.  Карантин талаптарын бұзу оқиғаларының басым бөлігі Ақтау қаласында тіркелді. Мұнда шектеу режимін 93 нысан бұзған.

Мониторинг барысында анықталатын негізгі бұзушылықтардың қатарында карантин кезеңінде қызметіне тыйым салынған объектілердің жұмыс істеуі, жұмыс кестесіне қойылған шектеу режимін сақтамау, шамадан тыс адам жинай отырып, бұқаралық  іс-шараларды өткізу бар.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде шектеу талаптарын бұзған 20 кәсіпкерлік нысан мен 18 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Оның жалпы сомасы 8 065 505 теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, мониторингтік топтар 84 нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Олардың 76-на ұйғарым берілді.

Айта кетейік, 2021 жылдың 15 сәуіріндегі короновирус инфекциясына қарсы карантиндік шараларды қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысының хаттамасына сәйкес, Маңғыстау облысындағы мониторинг топтарының жұмысы күшейтіліп, олардың саны 24-тен 50-ге дейін арттырылды.