
Шектеу режимін бұзу оқиғаларының басым бөлігін карантин кезінде қызметіне тыйым салынған нысандардың жұмыс істеуі, шектеу режимін сақтамау, бұқаралық іс-шараларды өткізу құрайды.
Осы жылдың 1 қаңтары мен 17 мамыры аралығында мониторинг топтары 85 118 рейд жүргізіп, 530 887 нысанды тексерді. Аталмыш шаралардың нәтижесінде 15 170 нысанның (2,8%) карантин талаптарын бұзғаны анықталды. Шектеу режимін бұзу оқиғалары негізінен Шығыс Қазақстан (3746), Түркістан (2344), Алматы (984) облыстарында және Алматы (2115), Шымкент (1666) қалаларында анықталған.
Жұмыс барысында 2662 кезектен тыс тексеріс жүргізіліп, кәсіпкерлерге 2438 ұйығарым тапсырылды. Сотқа 281 материал жіберілсе, 73 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды.
8613 нысанға және 6 576 жеке тұлғаға жалпы сомасы 1, 210 млрд-тан астам теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынды. Жеке тұлғалар көбіне қоғамдық орындарда (жабық ғимараттарда, көлікте) бетперде кимегені үшін жауапкершілікке тартылған.