
Өңірде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қоғамдық көліктерге қатысты бірнеше талаптар енгізген болатын.
Өткен жылы қалааралық, ауданаралық жолаушылар тасымалы автобус және микроавтобустардың қатынасын тоқтату туралы талаптарды орындамаған, бетперделік режимді, әлеуметтік ара қашықтықты, антисептикпен қамтамасыз ету жұмыстарын сақтамаған 64 жағдай анықталды.
Қаулы талаптарын орындамағандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, 2 млн 944 мың теңге айыппұл салынған. Мониторингтік топ 2021 жылдың басынан бері бетперделік режиммен ара қашықтық сақтамаған 4 жағдайды анықтады.
Жүргізуші көлік құралын басқарарда қолғаптарды, медициналық маскаларды уақтылы (әрбір 2 сағат сайын) ауыстырып отыруы қажет. Қызмет көрсету уақыты аяқталғаннан кейін салон желдетіліп, терезелер, есік тұтқалары, таяныштар, отырғыштар дезинфекциялық сулықтарымен сүртілуі керек.
Сондай-ақ, жолаушыларды қоғамдық көлікке отыруға арналған орын санынан аспайтын мөлшерде мінгізіп, мүмкіндігінше қолма-қол ақшасыз есеп айырысу қамтамасыз етілуі қажет.
Жоғары температура, жөтел, мұрынның бітелуі сынды белгілері бар персонал жұмысқа жіберілмейді. Өз кезегінде жолаушылар салонға медициналық маскамен кіріп, мінушілер арасында кемінде 1 метр қашықтық сақталуы тиіс.