
Бүгінгі күні Ақтөбе облысы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес қызыл аймақта екендігі белгілі. Осы орайда қазір облыс бойынша мобилді мониторингтік топтар кәсіпкерлік нысандарына, сауда орындарына, қоғамдық көліктерге рейд жүргізіп, шектеу шараларының орындалуын қадағалауда.
Ақтөбе облысында Ақтөбе қаласының және 12 ауданның әкімдіктері жанынан құрылған 47 мобильді мониторингтік топ жеке тұлғалардың, кәсіпкерлік субъектілерінің және басқа да ұйымдардың Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері, сондай-ақ Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қабылдаған қаулылардың талаптарын орындауы бойынша рейдтік тексерулер жүргізуді жалғастыруда.
Облыс бойынша коронавирус инфекциясымен ауырғандардың басым бөлігі Ақтөбе қаласында тіркеліп отыр. Бұл – ақтөбеліктердің әлі де болса сақтық шараларына қажетті деңгейде мән бермеуінен деуге болады. Сондықтан да, Ақтөбе қаласында шектеу шараларын бұзу жағдайлары көбейіп тұр. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша 11 мобильді мониторингтік топ бар. Оның 8-і Астана ауданында болса, 3-еуі — Алматы ауданында. Аталған мобильді топтардың жетекшілері — Астана және Алматы аудандарының әкімдері.
Биыл жыл басынан бері аталған мобильді мониторингтік топтар Ақтөбе қаласы бойынша кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандар мен сауда орындарына 376 рейдтік іс-шара жүргізген. Жалпы саны 2472 нысанға мониторинг жасаған.
Облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, талапты орындамаған 213 нысанға 29 417 815 теңгеге айыппұл салынды. Олардың қатарында мейрамханалар, кальян, караоке, лото, бильярд клубтары, моншалар мен сауналар, тағы басқа нысандар бар. Сонымен қатар жексенбі күні «Мега Шығыс», «Астана», «Электрон», «Мерей», «Достық» сауда үйлері мен Орталық базардың жұмыс жасағаны туралы ақпарат келіп түсті. Түскен материалдарға сәйкес, Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы «Фирма Жандос и К» ЖШС-на қарасты «Достық», «Мечта КЗ», «Береке», «Астана» сауда үйлеріне қатысты тексеру актілері ашылып, ҚР «Әкімшіліктің құқық бұзушылығы туралы» Кодексінің 425-бабының 1 тармағы бойынша хаттама толтырып, заңды тұлға Фирма Жандос и К» ЖШС-на 335 455 теңгеге айыппұл салды. Сонымен қатар бұзушылықты жою жөнінде ұйғарым берілді.
Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес бүгінгі күні облыстағы қоғамдық тамақтану орындары түнгі 22.00-ге дейін жұмыс істеуі тиіс. Ал ойын-сауық мекемелері, клубтар мен букмекерлік кеңселердің, лото-клубтардың қызметіне, білім беру, орта және жоғары оқу ұйымдарындағы асханалардың, банкет залдарының жұмысына тыйым салынған. Өкінішке қарай, қазір жасырын жұмыс жасап жатқан ойын-сауық нысандары бар. Мәселен, қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, мониторингтік топтардың рейдтік іс-шаралары барысында «Оскар», «Душа», «Рауан», «Imperial», «Барокко», «Старс», «Бардак», «Green House» караоке-кальян клубтары және «Sky Jump», «Kids park» батут орталықтары шектеу шараларын бұзғандығы анықталды. Сонымен қатар «Жан-Сая», «Арман», «Айназ», «Керуен Сарайы», «Тойхана», «Тамаша», «Алтын Шатыр», «Алтын», «Керемет», мейрамханаларында орташа есеппен 100-ден астам адам жиналып, салтанатты іс-шаралар өткізілгендігі белгілі болды. Ал өткен аптада «Дублин», «Elixir» караоке клубтары жұмысын заңсыз жалғастырса, «Тойхана», «Юрта», «Рауан», «Құрмет Холл», «Асату» мейрамханаларында қыз ұзату, үйлену тойлары, еске алу шаралары өткізілген.
Айта кету керек, биыл 13-сәуірден бастап Ораза айы басталды. Осыған орай барлық тұрғындарды топталып, ауызашарға баруға немесе үйіне сырттан адам шақыруға болмайтындығын ескертеміз. Әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен бірге ауыз ашқаны дұрыс. Сондай-ақ індетке байланысты биыл мешіттерде тарауих намазы оқылмайды. Дәл қазіргі жағдайда барынша сақтық шараларын қатаң сақтаған абзал. Ал жұмысқа барғанда немесе көшеге шыққанда бетперде тағып, антисептиктерді пайдаланып, әлеуметтік қашықтықты сақтаған дұрыс.