
Құрметті қазақстандықтар!
Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар!
Наурыз – бұл жылулық, үйлесімділік пен жарық мерекесі. Біздің дана ата-бабаларымыз жаңа жылдың басталуын көктемде бекер атап өтпеген, өйткені бұл табиғат пен өмірдің оянатын кезеңі. Көктемнің келуімен біз бір-бірімізге мейіріммен және ілтипатпен қараймыз.
Бүгінде Наурыз – бүкіл Қазақстан халқының басты және сүйікті мерекелерінің бірі. Ол тек бір ғана халықтың дәстүрі емес. Керісінше осы мерекенің ерекшелігінің арқасында ол жылдан жылға біздің кең байтақ еліміздің барлық тұрғындарын күн шаңырағының астында біріктіреді. Наурыз қазақ халқының көңілі сияқты қонақжайлылықтың, кең пейілдің, жомарттықтың, еңбексүйгіштіктің және бүкіл әлемге мейірімділіктің нышандарының біріне айналды.
Осы қиын-қыстау кезеңде, әрине, бірінші кезекте сіздерге мықты денсаулық, сондай-ақ әр үйге жылулық пен амандық, өз туыстарыңызбен махаббат пен өзара түсіністік тілеймін. 2021 жылғы Наурыз шын мәнінде үйдің дастарханына ең жақын адамдар ғана жиналатын отбасылық мерекеге айналсын. Бұл мереке күндері отбасылық естеліктерді еске алу үшін, болашаққа жаңа жоспарлар құру үшін жақсы себеп болсын.
Құрметті отандастар! Өкінішке орай, бүгінгі таңда елдегі эпидемиологиялық жағдай айтарлықтай нашарлап отыр. Біз тіркеліп жатқан жағдайлар санының ұлғайып келе жатқанын байқап отырмыз. Сіздерді жеке қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын естен шығармауға, босаңсымауға және зұлым вирусты ұмытпауға шақырамын. Бетперде режимін және әлеуметтік ара қашықтықты қатаң сақтауды, бұқаралық іс-шараларға қатыспауды және ұйымдастырмауды, қоғамдық орындарда адамдардың көп жиналуын болдырмауды сұраймын. Естеріңізде болсын, өзіміздің үйреншікті өмір салтымызға қаншалықты тез оралатынымыз және достарымызбен кездесіп, қонаққа барып, қуанышты оқиғаларды атап өте алатынымыз тек өзімізге байланысты.
Сіздерді мереке және демалыс күндеріне қарамастан пандемиямен тынымсыз күресіп жатқан адамдарға –медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетуге шақырамын. Олар бір жылдан астам уақыт бойы ұйқыны, демалысты ұмытып, алдыңғы шепте жүр. Бәріміз бірге саналылық танытып, көрінбейтін жаудың алдында тағы бір рет бірігіп, бірге жеңіске жетейік!
Құрметпен,
Айжан Есмағамбетова
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы