
Шығыс Қазақстан облысында 2020 жылғы 1 қыркүйек пен 2021 жылғы 18 қаңтар аралығында 1037 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған, оның 217-сі кезекші сыныптарда оқитындар, қалған 820-сы қашықтықтан білім алып жатқандар. 18 қаңтардағы соңғы ақпараттарға сәйкес, 1037 оқушының 970-і қауіпті вирустан жазылып, қазіргі таңда оқуын қайта жалғастыруда.
COVID-19 вирусын жұқтырған науқас оқушы мектеп қабырғасында анықталған жағдайда, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, мектептердегі коронавирус инфекциясының ошағы болып табылатын сыныптарға қашықтықтан оқытуға ауыстыру туралы қаулы шығарылды. Қауіпті вирус анықталған барлық мектептерде эпидемияға қарсы санитариялық-дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді.
ШҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 3 қаңтардағы №26-2 қаулысына сәйкес, 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін дәстүрлі форматта оқуға рұқсат берілді.
Сыныптағы бала санын 15-тен асырмай, ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін қоса алғанда кезекші сыныптар оқып жатыр.
Оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) аптаның 6 күні ішінде аралас оқиды: пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтықтан оқу форматында жүзеге асырылады. Оның ішінде дәстүрлі оқу форматы үшін келесідей ережелер бар: 1 сыныпта 15 адамнан артық емес, әлеуметтік қашықтықты сақтау, 1 сынып – 1 кабинет қағидаты бойынша оқыту, бір уақытта мектепте жобалық қуаттың 30%-ынан аспайтын адамның болуы, санитариялық-дезинфекциялық режимді, маска режимін күшейту.
Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілген.