
Қыстың суық күндері – травматолог дәрігерлерінің ең қызу жұмыс маусымы. Ауа райының құбылмалы болуы, температураның күрт өзгеруі және көктайғақтың болуы – қысқы жарақаттың негізгі себептері. Көшеде келе жатқан кез келген жаяу жүргінші құлап, бір жерін жарақаттап алу алу қаупі бар.
Көктайғақта жарақаттың алдын алу үшін, келесі ұсыныстарды сақтау керек екенін естеріңізге саламыз:
- Мүмкіндігінше үйден шықпауға тырысыңыз, әсіресе, түнгі уақытта.
- Егер де Сізге бір жерге бару керек болса, асықпас үшін үйден ерте шығуға тырысыңыз.
- Ең бірінші кезекте аяқкиімге назар аударыңыз. Аяқкиім аяққа ыңғайлы және орнықты болуы тиіс. Тік өкше немесе биік өкше жайында мүлдем ұмытыңыз. Ең дұрысы платформадағы қыстық етік немесе жұмсақ табаны бар боты етік киіңіз.
- Көктайғақ кезінде абайлап жүріңіз. Мұз басқан жерлерді айналып өткен жөн. Жүргенде асықпай, аяқты жартылай бүгіп, тізені аздап босатып қозғалыңыз. Қолыңызды қалтаңызға салмаңыз, құлап қалған жағдайда ауыр жарақатқа әкелу қаупі жоғары болады.
- Қарт адамдарға көк тайғақ кезінде қолдарына ұшында резеңке бекітілген таяқ алып жүрген жөн. Жүкті әйелдерге далаға қасында көмектесетін адаммен шыққан дұрыс болады, жалғыз жүру болашақ ана мен бала өмірі үшін қауіпті болуы мүмкін.
- Көктайғақ кезінде автокөлік жолдарынан аулақ жүріңіз, ешуақытта одан жүгіріп өтпеңіз! Бұндай кезде автокөліктердің тоқтау жолы әдеттегіден ұзағырақ болады.
- Аялдамаларда тайып автобус астына түспес үшін жол шетінен алысырақ тұрыңыз.
Егер тайғанақтап құлап қалсаңыз және бірер уақыттан кейін басыңыз, буындарыңыз ауырса, жүрегіңіз айныса, ісіну байқалған болса, міндетті түрде травмпунктке барыңыз. Сізде ми шайқалуы немесе жасырын сынықтар болуы мүмкін.
Абай болыңыздар!