Қызылордада вирусологиялық зертхана заманауи жабдықтармен толықты

Қызылордада вирусологиялық зертхана заманауи жабдықтармен толықты

Санитариялық-эпидемиялогиялық қызметті күшейту және инфекциялық ауруларға, COVID-19 індетіне жедел көңіл бөлу, індетті дер кезінде емдеу шараларын жүргізу мақсатында «Ұлттық сараптама орталығының» Қызылорда облыстық филиалының вирусологиялық зертханасы қосымша бірнеше заманауи құрал-жабдықтармен толықты.

Атап айтқанда, ПТР әдісімен зерттеулер жүргізуге Сингапурлық, 2020 жылы шыққан QuantStudio 3 амплификаторы сатып алынды. Бұл құрал арқылы 384 зерттеуді бір уақытта орындауға болады, яғни бір тәулікте 1 100 зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.

Келесі жабдық COVID-19 диагностикасына арналған КАМАЗ базасындағы мобильді зертханалық кешен. Бұл жылжымалы зертхана далада аса қауіпті инфекцияларға зертханалық зерттеулердің толық спектрін орындауға, дербес және инфекциялық ауру ошағында медициналық мекеме жанындағы іссапарға жіберілген стационарлық зертхана ретінде жұмыс істей алады.

Бұдан бөлек, отандық 2-сыныпағы екі биологиялық бокс сатып алынды. Бұл құрылғы ауа тамшылары арқылы жұғатын патогенді агенттермен, микроағзалармен жұмыс жасау барысында сынамаларды, мамандарды және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді.

Швейцариялық TEKAN компаниясының автоматтық стансасы да іске қосылды. Бұл жабдық 96 анализден нуклеин қышқылын 2 сағатта анықтай алады. Бұған дейін аталған процедура қолмен жасағанда 6 сағатты қажет ететін. Автоматтандырылған жұмыс стансасы нуклеин қышқылдарын автоматтық режимде магнитті шариктер негізіндегі технологияны пайдаланып жұмыс жасайды.

Жаңа құрылғылар зертханада сынама тексерудің қуаттылығын арттырып, сапасын жақсартады, мамандарға да жүктеме азаяды.