Қызылорда облысында соңғы 10 күнде 17 той өткізу фактісі анықталды

Қызылорда облысында соңғы 10 күнде 17 той өткізу фактісі анықталды

Облыста құрылған 24 мониторингтік топпен анықталған 907 карантин талаптарын бұзушылықтың басым бөлігі үй жағдайында көпшілік жиын ұйымдастыруға қатысты орын алып отыр.

2020 жылдың 05 шілдесінен бастап бүгінгі күнге дейін әртүрлі ұлттық дәстүрлік сипаттағы 466 көпшілік және жанұялық  іс-шара өткен. Соңғы он күнде облыс бойынша 17 той анықталды, соның ішінде 12 мерекелік шара жеке үйлерде ұйымдастырылса, 5-еуі мейрамханаларда өткізілген.

Карантин талаптарын бұзушылықтың басым бөлігі Қызылорда қаласының үлесінде, одан кейін Қазалы, Жаңақорған аудандары көш бастап тұр.

Халыққа қызмет көрсету орындары арасында карантин талаптарын бұзушылық қоғамдық тамақтану орындарында жиі анықталды. Мысалы, қызметкерлер ғимараттың ішінде маскасыз, қорғаныш қолғаптарынсыз жұмыс жасаған, сонымен қатар шекті уақыттан асырып жұмысын жалғастырған нысандар да бар. 

Атап айтқанда, 297 дерек маска тағу ережесін бұзуға және әлеуметтік арақашықтықты сақтамауға, шамадан тыс адам жинауға қатысты болса,  жұмыс жасау уақытының шектелуін бұзу бойынша – 77, тыйым салынған нысандардың қызмет көрсетуі бойынша – 34, залалсыздандыру талаптарының сақталмауы бойынша– 14 талап бұзушылық орын алды. 

Барлық анықталған карантин талаптарын бұзушылық бойынша 43 906 290 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.