
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының аурушаңдық деңгейі біртіндеп түсіп келеді. Бірден бірнеше бағытты қарастыратын кешенді шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Бұл – аурудың алдын алу, ерте кезінде анықтау, тиімді емдеу, вирус тасымалдаушыларын зертханалық тексеруден өткізу, науқастар мен байланыста болған адамдарды оқшаулау.
Жоғарыда аталған жүйелі жұмыстардың негізінде КВИ-мен сырқаттанушылықтың төмендеу үрдісі және өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалады. Эпидемиологиялық жағдайды талдай отырып, облыс бойынша өсім қарқыны 2020 жылғы 9 желтоқсанда тәулігіне 0,6%-ды, аптасына орташа өсім қарқыны – 0,7%-ды, Өскемен қаласында – 0,8%-ды, Семей қаласында – 0,9%-ды құрап отыр. Облыс бойынша репродуктивтік санның орташа мәні – 0,90 (республикалық көрсеткіш 0,97).
Аталған шаралар мен көрсеткіштерге орай, Шығыс Қазақстан CОVІD-19 коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «сары аймақта».
66 мониторингтік топпен облыс бойынша 10829 нысан қамтылды. 1640 нысанда бұзушылықтар анықталып, санитариялық бұзушылықтың 15%-ын құрап отыр.
Бүгінгі күні шектеу және өзін-өзі оқшаулау режимін сақтай отырып, инфекцияның таралу тізбегін бұзуға мүмкіндік беретін алдын-алу және профилактикалық тиімді шаралар бойынша жұмысты жалғастыру өте маңызды.
2 желтоқсан күні ШҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің №25 қаулысы шықты.
Соңғы шыққан қаулыда шектеу шаралары 2020 жылғы 17 желтоқсанға дейін ұзартылған.
Облыстың сыртқы шекараларына кіруді/шығуды бақылау үшін 24 санитариялық бекеттің жұмысы жалғасуда.
Кейбір санитарлық бекеттерден медициналық қызметкерлер алынды. Ошақтарды оқшаулау орталығының жұмысының аясында облыс бойынша медициналық-эпидемиялық бригадалар құрылғандықтан, медицина қызметкерлері науқастармен де, байланыста болған адамдармен де жұмыс істейді.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, эпидемиологиялық ахуалға сәйкес бизнес өкілдеріне қойылған шектеу шараларына жеңілдік жасалынды. Бұған соңғы шыққан қаулы дәлел.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларымен белгіленген санитариялық ережелерді, алгоритмдерді және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, қоғамдық тамақтану объектілері демалыс және мереке күндері қызметін тоқтатып, жұмыс режимі сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істейді.
Қазір облыстың «сары» аймақта болғанына қарамастан, санитарлық шараларды сақтамағанда жағдай кез келген уақытта нашар жаққа қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан арқаны кеңге салып, салғырттық таныту үлкен қателіктерге әкелуі мүмкін. Адамдар көп жиналатын жерлерде маска тақпау әлі де байқалады. Санитарлық ережелер мен мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің барлық талаптарын сақтауды сұраймыз.