Қызылорда облысы бойынша 2020 жылдың 10 айында балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез ауруынан көз жұму жағдайы тіркелмеген

Қызылорда облысы бойынша 2020 жылдың 10 айында балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез ауруынан көз жұму жағдайы тіркелмеген

Облыс көлемінде 2020 жылдың 10 айында туберкулездің 310 жаңа жағдайы тіркеліп, сырқаттанушылық көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 58 жағдайға немесе 18,3%-ке төмендегенін көрсетіп отыр. 2019 жылы бұл көрсеткіш 368-ді құраған болатын. Есепті кезеңде туберкулезден көз жұму жағдайлары да 35,3%-ке азайған, оның ішінде балалар мен  жасөспірімдер арасында бірде-бір жағдай тіркелмеген.

Жыл басынан бері тіркелген 310 туберкулез ауруының 273 жағдайын немесе 88%-ін тыныс алу жолдары туберкулезі құрап отыр, оның ішінде 109 науқаста немесе 40%  туберкулездің жұқпалы түрі анықталды. Демек, тыныс алу жолдарының туберкулезі, оның ішінде туберкулездің жұқпалы түрі жиі тіркелуде.

Талдау нәтижлері көрсеткендей, ағымды жылдың 10 айында сырқаттанушылықтың 8%-і  14 жасқа дейінгі балалар және 6%-і жасөспірімдер арасында анықталған.

Туберкулездің алдын алу шараларының бірі — ол туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егу. Біздің елімізде туберкулезге қарсы жаппай егу перзентханаларда жаңадан дүниеге келген сау нәрестелерге жүргізіледі. Одан кейін туберкулезге қайта егу жұмыстары 6-7 жастағы балаларға жасалады. Есепті мерзімде 17 245 сәби вакцинация және 9131 бала ревакцинация арқылы, барлығы 26 376 егу жұмыстары жүргізілді.  Егуден кейінгі асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.

Туберкулезге қарсы егілмегендер саны — 57, оның 37-сі уақытша және 5-еуі тұрақты қарсы медициналық көрсетілімдеріне байланысты екпе алмаған, ал ата-анасының бас тартуы себепті егілмегендер саны - 10. Осыған байланысты санитариялық мамандар тарапынан туберкулезге қарсы екпенің маңыздылығы және туберкулезді алдын алу бойынша ағарту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.

Әрбір азамат жылына 1 рет өкпені флюорографиялық тексеруден өтуі қажет. Бұл ауруды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді. Жыл басынан флюрографиялық тексерумен  облыс тұрғындарының 96,8%-і  қамтылған.

Туберкулез – жұқпалы ауру. Сондықтан 2 аптадан астам жөтелдің болуы, тәбеттің және салмақтың төмендеуі, тершеңдік, әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы сияқты симптомдарға назар аудару керек. Ауру белгілері байқалған жағдайда тез арада медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз.