Абайлаңыз, күйдіргі

Абайлаңыз, күйдіргі

Күйдіргі – адам мен жануарлар жұқтыратын жіті, аса қауіпті инфекциялық ауру.
Адамдар ауруды көбіне ауру жануармен қарым-қатынаста болғанда, кей кездерде зақымдалған топырақпен жанасқанда жұқтырады. Адамнан адамға күйдіргі ауруы жұқпайды.
Инфекцияның негізгі көзі сырқаттанған ауыл шаруашылығы жануарлары (мүйізді ірі қара мал, жылқылар, қойлар, ешкілер) болып саналады. Үй жануарларының (мысықтар, иттер) сезімталдығы аз.
Күйдіргі эпизоотиясы қоздырғыштардың топырақ ошақтары — резервуарларына аумақтық байланысқан. Топырақ ошақтары жайылымдарда, жануарларды қорада ұстау орындарында, сондай-ақ жануарлардың өлекселерін көму орындарында (мал көмінділері) ауру жануарлардың бөліндісін тікелей жұқтырудың нәтижесінде пайда болады.
Күйдіргі қоздырғышы адам организміне негізінен зақымдалған тері арқылы, сирек жағдайда тыныс алу жолдары мен асқазан-ішек жолдарының сілемейлі қабықтары арқылы өтеді.
Инкубациялық кезең (жұқтыру сәтінен ауру белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт) 2-ден 7 тәулікке дейін құрайды.
Ауру тері, сирек жағдайда ішек, өкпе және септикалық нысандар түрінде өтуі мүмкін. Күйдіргінің терілік түрлерінің болжамы жақсы, ал генерализацияланған түрлері көбіне өліммен аяқталады. Қазіргі заманғы емдеу әдістері осы аурудың жағымсыз нәтижелерін айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді, сондықтан медициналық көмекке уақтылы жүгінген өте маңызды.
Күйдіргінің терілік түрі күйдіргінің барлық жағдайларының 98%-да кездеседі. Алдымен қызыл дақтың, содан кейін қабынған білігі бар күңгірт (қара) түбі бар жараға ауысатын, ішіндегісі мөлдір немесе қанды везикулалардың (көпіршіктердің) пайда болуымен сипатталады. Жара аймағының ауырмауы (сезімталдықтың жартылай немесе толық болмауы) ауруға тән симптом болып саналады. Аурудың бірінші (екінші) тәулігінің соңында жоғары температура, әлсіздік, бас ауруы, жүректің жиі соғуы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы пайда болады. Жоғары температура 5-тен 7 күнге дейін сақталады. Үшінші аптаның соңында әдетте жара тыртықтың пайда болуымен жазылады.
Күйдіргінің қоздырғышы вегетативтік және споралық түрде болады. Күйдіргі таяқшасының вегетативтік түрлері қайнаған кезде және әдеттегі дезинфектанттардың әсерінен тез өледі.
Қоздырғыш сыртқы ортаға түсіп, споралық түрге ауысады. Сыртқы ортада споралар ондаған жылдар бойы сақталады және жоғары температураға, кептіруге және дезинфекциялық құралдарға төзімді.
Күйдіргіні зарарсыздандырудың тиімді құралдары спораларға әсер ететін дезинфекциялық құралдар болып табылады.
Кұйдіргі ауруының профилактикасы және оның алдын алу мақсатында халыққа мыналарды ұсынамыз:
1. Ет және ет өнімдерін қауіпсіздігі мен сапасына бақылау жүзеге асырылатын рұқсат етілген сауда орындарында (базарларда, дүкендерде, сауда орталықтарында) ғана сатып алу.
2. Тамақ өнімдерін кездейсоқ адамдардан сатып алмау.
3. Тамақ дайындау кезінде шикі тағамдардың дәмін татпау және әзірлеу барысында ет пен ет өнімдерін (мысалы, фарш) жақсылап пісіру және қуыру қажет.
4. Малға арналған жайларды жинағанда, жүнмен, мамықпен және т.б. жұмыс кезінде бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану қажет, оларды пайдаланғаннан кейін жағып жіберу қажет.
5. Егер ауру жануарлармен қарым-қатынастан кейін (күту, сою, мүшелеу және т.б.) жоғары температура, терінің қызаруы, жара (қара қабаттар) пайда болса, жақын маңдағы медициналық ұйымға медициналық көмек алу үшін шұғыл жүгіну қажет. Өзін-өзі емдеуге жол берілмейді, себебі аурудың асқынған түрлерінің дамуына алып келуі мүмкін және өлімге ұшырау қаупін арттырады.
6. Күйдіргімен ауыратын жануарлармен қарым-қатынаста болған, мал союға қатысқан және инфекция жұқтырған етпен, терімен байланыста болған адамдар 2 апта бойы дәрігердің бақылауына жатады және профилактикалық антибиотик терапиясын алады.
7. Малдарды союды тек алдын ала ветеринариялық тексеруден кейін жүргізк керек.
8. Малдың ауруына күдік болса, дереу ветеринариялық маманға жүгіну керек.
9. Үй жануарларына күйдіргіге қарсы профилактикалық егу жүргізу керек.
Халықты күйдіргіге қарсы жоспарлы вакцинациялау мына адамдарға:
- халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы, денсаулық сақтау саласындағы, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын органдар мен ұйымдардың және күйдіргінің ошақтарында және күйдіргінің қоздырғышын жұқтыруға күдікті материалмен жұмыс істейтін және сынамаларды іріктеуді, күйдіргі қоздырғышының болуына зерттеу жүргізетін зертханалардың мамандарына;
- жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын ет өңдейтін кәсіпорындардың, сою пункттерінің, сою алаңдарының және ішкі сауда объектілерінің қызметкерлеріне;
- АЕМ аумағынан жануарларды союмен, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты жинаумен, сақтаумен, тасымалдаумен және бастапқы өңдеумен айналысатын адамдарға жүргізіледі.
Есіңізде болсын! Ауруды емдегеннен, оның алдын алған жеңіл.