
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні Павлодар облысында 1 қыркүйектен бастап оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 49 жағдайы тіркелді, оның ішінде 30 оқушы қашықтықтан оқыса, 19 бала кезекші сыныптарға барған.
33-інде ауру белгілері байқалмаса, 16-ында COVID-19 айқын белгілері болған. Індетті жұқтырған балалардың басым бөлігі Павлодар қаласында тіркелді – 32 жағдай, Ақсу қаласында - 6 бала ауырды, Екібастұз қаласында - 2, қалғаны ауылдық округтерде тіркелді.
Сондай-ақ, мұғалімдер арасында 14 КВИ жұқтыру жағдайлары тіркелген, оның 7-уі қашықтықтан сабақ берсе, ал 7 мұғалім оффлайн режимінде жұмыс істеген. 4 мұғалімде ауру белгілері айқын байқалмаса, 10-да клиникалық көріністері болған.
Облыс көлемінде мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері арасында COVID-19 жұқтырған 8 бала анықталған. Сонымен қатар, балабақшалардың 8 қызметкері де КВИ жұқтырғаны анықталды.
Өңірде мониторингтік топтар мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерін тұрақты тексерістен өткізуде. Мәселен, қазан айында Павлодар облысының 85 мектебі тексерілді. Оның ішінде 24 мектепте бұзушылықтар анықталды.
Мәселен, 7 мектепте санитайзерлердің жетіспеушілігі, дезинфекциялаушы және жуғыш заттардың жеткіліксіз саны 6 мектепте, 4 мектепте бактерицидтік шамдардың жеткіліксіз санының болуы анықталды. 6 мектепте бетперде режимі сақталмаған, сондай-ақ 1 мектепте таңертеңгілік сүзгінің жүргізілмеуі тіркелген.