Жамбыл облысының шекаралас аудандарында карантиндік режим күшейтілді

Жамбыл облысының шекаралас аудандарында карантиндік режим күшейтілді

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде, оның ішінде авто-өткелдерде карантиндік шараларды күшейту туралы бір қатар қаулылар қабылдады.

Жамбыл облысында шекаралас аудандар қатарына - Меркі, Қордай және Жамбыл аудандары кіреді. Қырғызстан мен шекарада 6 кеден бекеті бар. Қазіргі уақытта 4 бақылау-өткізу пункті жұмыс істейді (Қордай ауданында «Қарасу» мен «Аухатты» бекеті, Меркі ауданында «Сыпатай батыр» бекеті және Жамбыл ауданында «Айша Бибі» бекеті).

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №54 қаулысына сәйкес 6 қазаннан бастап, Қазақстан Республикасына келген барлық азаматтарға қатысты шаралар күшейтілді. Осылайша, Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларын қоспағанда, барлық шетелдіктерге теріс нәтижелі ПТР анықтамасыз елімізге кіруге рұқсат берілмейді. 6 қазаннан бастап Жамбыл облысының бақылау-өткізу бекеттерінде 352 шетелдік азаматтарға ПТР анықтамасы болмағандықтан елге кіруге рұқсат берілмеді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының азаматтары, теріс нәтижелі ПЦР анықтамасыз келген жағдайда термометриядан, сауалнамадан өтеді және дереу карантиндік стационарға 2 күнге оқшауланады, онда ПТР әдісімен COVID-19-ға тексеріледі. Осыған орай, 6 қазаннан бастап теріс нәтижелі ПТР анықтамасыз келген Қазақстан Республикасының 1165 азаматы карантиндік стационарға жатқызылды. Олардың ішінде 4 азаматта ПТР тесті оң нәтиже корсетті.

Сондай-ақ, 2020 жылдың 27 қазанынан бастап, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №59 қаулысына сәйкес, азаматтыққа қарамастан Қазақстан Республикасының аумағы бойынша екі жақты халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын барлық жүргізушілер термометриядан, сауалнамадан өтеді және, өткізу пункттерінде ПТР арқылы COVID-19-ға тестілеуден өтеді. 

Коронавирустық инфекцияның екінші толқынын болдырмау үшін біз азаматтарымызға эпидемиологиялық қолайсыз елдерге баруды шектеуді ұсынамыз. Санымен қатар, бетперде мен әлеуметтік қашықтық режимін үнемі сақтаңыздар, халық көп жиналатын орындардан аулақ болыңыз және қолыңызды үнемі сабынмен жуыңыз немесе тері антисептиктерімен өңдеп жүріңіздер.

Ұмытпаңыз, сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы сіздің қолыңызда!