
Пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық көмектің жоғары сапасын сақтау медицина қызметкерлерінің денсаулық жағдайымен тікелей байланысты. Осыған байланысты еліміздің заңнамасында қызметі жоғары жауапкершілікті талап ететін және кәсіби қауіптері бар жекелеген санаттағы қызметкерлер үшін міндетті медициналық тексерулер көзделген. Міндетті медициналық тексерулердің тәртібі мен мерзімділігін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер – Министрліктің 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 және 2020 жылғы 27 қарашадағы № ҚР ДСМ-211/2020 бұйрықтары.
Медицина қызметкерлеріне арналған міндетті медициналық тексерулердің түрлері: алдын ала, мерзімдік, ауысым алды (рейс алды) және ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) тексерулер. Сонымен қатар, инвазиялық диагностикалық және емдеу әдістерін орындайтын медицина қызметкерлері ВИЧ инфекциясына міндетті түрде тексерілуден өтеді: жұмысқа орналасу кезінде және одан әрі жылына бір рет.
Медициналық тексерулер келесі мақсаттар үшін қажет:
1) пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Медицина қызметкерлері күн сайын жоғары қауіп тобына жататын әртүрлі пациенттермен байланысады, сондықтан эпидемиологиялық қауіп төндіретін ауруларды ерте анықтау аса маңызды. Уақтылы профилактикалық тексерулер медициналық ұйымдар ішіндегі инфекцияның таралу қаупін азайтуға және медициналық процестің барлық қатысушылары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді;
2) кәсіби жарамдылықты сақтау. Міндетті медициналық тексерулер маманның кәсіби міндеттерін пациенттер мен өз денсаулығына қауіп төндірмей орындай алу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді. Тексеру барысында жоғары назар аударуды, эмоционалдық жүктемені немесе айтарлықтай физикалық төзімділікті талап ететін міндеттерді орындауға кедергі келтіруі мүмкін шектеулер анықталады;
3) кәсіби аурулардың алдын алу. Медицина қызметкерлері биологиялық агенттердің әсеріне, күйзеліс жағдайына, эмоционалдық және физикалық жүктемелерге жиі ұшырайды. Жүйелі медициналық тексерулер кәсіби аурулардың ерте белгілерін анықтауға, профилактикалық шараларды уақтылы қабылдауға және созылмалы аурулардың даму қаупін төмендетуге мүмкіндік береді;
4) заңнама мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау. Міндетті медициналық тексерулерден өту – медициналық ұйымдарда жұмысқа жіберудің міндетті шарты. Бұл еңбек қорғау нормаларының сақталуын, жұмыс берушілер үшін құқықтық тәуекелдердің төмендеуін және қызметкерлер мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
5) пациенттердің сенімін арттыру және медициналық көмектің сапасын көтеру. Медициналық персоналдың жүйелі тексеруден өтіп, денсаулық жағдайы бойынша жұмысқа жіберілгеніне пациенттердің сенімді болуы олардың қауіпсіздік сезімін күшейтеді. Денсаулығы жақсы медицина қызметкері жоғары тиімділікпен, ұқыптылықпен және тұрақтылықпен жұмыс істейді.
Жүйелі медициналық тексерулер — қауіпсіз әрі сапалы медициналық көмектің негізі. Олар пациенттерді қорғайды, медицина қызметкерлерінің денсаулығын сақтайды және елдің денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.