
Атырау облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен өнім қауіпсіздігіне ай сайынғы жүргізілген мониторинг шеңберінде 2020 жылдың 9 айында облыс аумағындағы сауда орындарынан азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобын қоса алғанда барлығы 1393 өнім сатып алынып, зертханалық сараптама жүргізілді. Оның 32,5% -ы техникалық регламенттердің белгіленген талаптарына сәйкес келмеді.
Сәйкес келмейтін 453 сынаманың ішінде сәйкессіздіктің негізгі үлесі импортталған өнімдерге тиесілі. Оның ішінде импортталған өнімнің 96% немесе 435 сынамасынан, ал, отандық өнімнің 4% немесе 18 сынамасынан сәйкессіздік анықталды.
Техникалық регламенттер талаптарының негізгі бұзушылықтары: өндірушілердің таңбалау қағидаларын бұзуы – 89%, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік – 2%, қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша сәйкессіздік-1%, сондай – ақ, физико-химиялық көрсеткіштерге сәйкессіздік - 8% болыптабылады.Өнiмдердің техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi тұтынушыларды алдау болып табылады.
Барлық негізгі өнім топтары сараптамадан өткізілді. Оның ішінде сүт өнімдері, құс еті, ет және балық өнімдері, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдері, балалар өнімдерінің кең ассортименті, мамандандырылған тамақ өнімдері, тағамдық қоспалар, шырын өнімдері, энергетикалық және басқа да алкогольсіз сусындар, жемістер мен көкөністер, ауыз су және өзге де өнімдер қамтылды.
Азық-түлік емес тауарлар тобынан балалар ойыншықтары, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жиһаз өнімдері, баспа өнімдері, лак-бояу өнімдері, тұрмыстық химия тауарлары, жеке гигиена құралдары, жеке қорғаныс құралдары, шыны жуатын сұйықтық, парфюмерия және косметика, тамақ өнімдерімен жанасатын материалдар, балалар тауарлары және т. б. қамтылды.
Анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасы міндетті заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 82 нұсқама беріліп, жою тәртібі түсіндірілді.
Мониторинг қорытындысымен 2 348 кг сәйкессіз өнім саттықтан алынып, жеткізушіге қайтарылды. Сәйкес келмейтін өнімді анықтау фактілері бойынша 2 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Сақтау, өткізу, өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттардың болмауы шарттарын бұзғаны үшін 2 500000 теңге айыппұл салынды.
Тұтынушыларға, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өнімдер туралы ақпарат беру мақсатында ай сайын өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу кезінде анықталған сәйкес келмейтін өнімдер тізілімінде http://reestr-np.kz/kaz/ орналастырылады.
Тізілімде қамтылған мәліметтер барлық мүдделі тұлғалар үшін ашық және қол жетімді болып табылады. Тізілімде өнімнің түрі мен атауы, партияның (серияның) нөмірі, өнімнің дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, өндіруші (жеткізуші) және өнімді іріктеу орны, бұзушылық түрлері, өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттар бойынша мәліметтер бар.