Түркістан облысында санитарлық талаптарды сақтамағандарға 162 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

Түркістан облысында санитарлық талаптарды сақтамағандарға 162 миллион теңгеге жуық  айыппұл  салынды

Түркістан облысында коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу мақсатында, ағымдағы жылдың 5 шілдесімен 16 қазан аралығында, облыс бойынша жергілікті әкімшіліктер жанынан құрылған 52 мобильді топ карантин режимі кезінде қызметі рұқсат етілген нысандарға мониторинг жүргізіп келеді.

Облыс бойынша мобильді топтармен жүргізілген рейд жұмыстарының нәтижесі бойынша 30 422 нысан араланып, карантин талаптарын бұзған 3 961 нысан анықталды. Анықталған бұзушылықтар бойынша түскен құжаттар негізінде ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425 бабының 1 тармағына сәйкес 162 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.

Той-томалаққа тыйым салынғанына қарамастан өңірде жекелеген азаматтар келін түсіріп, қыз ұзатып, жиын өткізулері тоқтамай тұр. Облыс көлемінде ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап, мобильді топтардың тексеруімен жалпы 278 отбасылық іс-шаралар, оның ішінде 70 беташар, 30 келін түсіру, 43 қыз ұзату,  8 құдайы тамақ, 57 құдалық, 11 бесік той, 5 тұсау кесер, және басқа да ұжымдық жиындардың өткізілуі анықталып, ұйымдастырушыларға сәйкесінше айыппұлдар салынды.

Карантин талаптарын сақтап, өзіңізді және жанұяңызды коронавирусты инфекциядан қорғаңыз. Жақыныңызға жанашыр болыңыз.