
Тәжікстан астанасында Кавказ бен Орталық Азияның өңірлік платформасының тамақтану саласындағы әріптестік және әлеуетті арттыру бойынша семинары өтті, онда Қазақстан мектептегі тамақтану жүйесін жаңғырту бойынша озық тәжірибе ұсынды.
Іс-шараға өңір елдерінен, ЮНИСЕФ, ДДҰ халықаралық ұйымдарынан және басқа серіктестерден қатысушылар жиналды. Мектептегі тамақтануды жақсарту, стандарттарды енгізу және ерте жастан бастап салауатты әдеттерді қалыптастыру арқылы балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту мәселелері басты назарда болды.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енген тамақтанудың жаңа стандартын енгізу туралы Комитеттің басқарма басшысы Гүлшарат Қожатова баяндама жасады. Жаңартылған стандарт заманауи халықаралық тәжірибеге негізделген және білім беру ұйымдарында оқушылардың тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған. Ондағы негізгі жаңалықтардың қатарында: тұз бен қант көлемін төмендету, көкөністер, жемістер, сүт өнімдерінің үлесін ұлғайту, құрамында транс майлары бар тәтті сусындар мен өнімдерді пайдалануға тыйым салу, тамақтануды ұйымдастырудың жаңа модельдерін енгізу, "әлеуметтік әмиян" жобасы арқылы мектептегі тамақтануды цифрландыру.
Семинар болашақ ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз ету үшін өңірлік ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.