
Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен 1958 жылдың мамыр айына қарай барлық аудандық санэпидстанциялар дербес мекеме ретінде таратылып, аудандық ауруханалардың санитариялық-эпидемиологиялық бөлімдеріне айналдырылды.
Алайда, XIV Бүкілодақтық гигиенистер мен санитариялық дәрігерлер съезі (1962 ж.) жүргізілген қайта ұйымдастыруды қатаң сынады, 1964 жылдан бастап аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станцияларды қалпына келтіру жұмыстары басталып, ол жұмыс тек 1970 жылы аяқталды. Барлық үлгідегі және санаттағы санэпидстанцияда санитариялық-бактериологиялық зертхана оның негізгі құрылымдық бөлігі болды. Зертхананың құрылымы штаттық-нормативтік санына, жергілікті жағдайларға және жұмыс көлеміне байланысты айқындалды. Санитариялық-бактериологиялық зертхананың құрамына тағамдық және өнеркәсіптік санитария бөлімшелері, бактериологиялық, вирустық-риккетсиялық, радиологиялық, тұрғын үй-коммуналдық бөлімшелер кірді. Ірі өнеркәсіптік қалаларда өнеркәсіптік-санитариялық зертханалар, атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі зертханалар немесе бөлімшелер құрылды.