
Ақмола облысының қалалары мен аудандарында сумен жабдықтау объектілерінде күзгі профилактикалық тазалау, жуу және зарарсыздандыру жүргізу жөніндегі жоспарлы іс-шаралар аяқталуда.
Осы іс-шаралар «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» 2015 жылғы 16 наурыздағы №209 санитариялық қағидаларының 158-тармағына сәйкес орындалады.
Су құбыры және жылу желілерін жуу мен зарарсыздандыру көрсетілген қызмет түріне лицензиясы бар мамандандырылған ұйым жүргізеді, сапасын бақылауды су пайдаланушының өндірістік зертханасы жүргізеді.
Сумен жабдықтау объектілеріндегі зарарсыздандыру жұмыстардың барлық түрлері міндетті түрде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау аумақтық басқармалары мамандарының қатысуымен жүргізіледі. Ал су сынамалары аяқталғаннан кейін екі рет зертханалық зерттеуден өтеді.
Белгіленген нысандағы сумен жабдықтау объектісін тазалау, жуу және зарарсыздандыру актісі ауыз су сапасына қойылатын талаптарға су сынамаларын зертханалық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін беріледі.
Ведомствоның бақылауында 364 су құбыры тұр. Көкшетау және Степногорск қалаларындағы сумен жабдықтау объектілеріне күзгі профилактикалық зарарсыздандыру толық көлемде жүргізілді. Өңір аудандарындағы су құбыры құрылыстарын тазалау, жуу және зарарсыздандыру жұмыстары аяқталу сатысында.