
Бүгінгі таңда елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқушылардың көбі қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы білім алуда.
Қашықтықтан оқыту мүмкіндігінше ыңғайлы, онымен қоса бала денсаулығына кері әсерін тигізбеу үшін бірнеше қарапайым шарттарды ескеру қажет.
Компьютердің экранымен үстел алдында отырған баланың арасындағы арақашықтық қолдың ұзындығындай болуы керек (50-70 см). Монитордың жоғарғы жағы көз деңгейінде немесе сәл төмен орналасуы қажет. Орындықтың биіктігі баланың аяғы еденде болатындай, ал тізелері 90 градусқа бүгілетіндей болуы қажет.
Сабақ оқитын бөлменің жарығы оқушыға ыңғайлы болуы керек. Жұмыс үстелін терезеден түсетін күн сәулесіне қарай орналастыру керек. Күн сәулесі жазу жазатын қолының артынан түсетіндей етіп орнатқан дұрыс.
Үстел баланың бойы үшін қолайлы биіктікте болуы керек, сабақ оқу кезінде еңкейіп кетпеуіне мән беру қажет. Баланың шынтақтары үстел үстінде, ал арқасы орындықтың артына тиіп тұруы керек.
Балаңызға әр 45 минут сайын үзіліс жасатып, көзге арналған гимнастика және физикалық жаттығулар жасатыңыз. Бұл оқушынының зейінін ашады және денсаулығына өте пайдалы.
Көздің көру қабілетін жақсартатын лютеиндер мен антиоксиданттар қосылған дәрумендерді қабылдау маңызды. Егер көру қабілетінің төмендеуі байқалса, уақыт создырмай окулист маманына жүгіну керек. Дер кезінде алдын алса, бұл процесті тоқтатуға болады.