Бүгін сіздермен Еуропалық иммундау апталығына арналған брифингте кездесіп отырғаным үшін қуаныштымын.
Иммундау мәселесі – халықтың денсаулығын сақтау бағыттарының бірі.
Вакцинация жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтау, аурулардың алдын алу үшін қолданылады.
Вакцинация 20 ғасырдағы денсаулық сақтаудың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ауқымды иммундау бағдарламаларының арқасында шешек ауруын толығымен жоюға және бүкіл әлемде полиомиелитті жеңуге мүмкіндік туды.
Вакциналарды әзірлеу мен жеткізудегі заманауи жетістіктер миллиондаған балаға, жасөспірімге және ересекке ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді.
Қазіргі жағдайда халықтың вакцинацияға деген сенімін нығайту аса маңызды болып отыр. Жалған ақпараттың таралуы және инфекциялардан сақтанудың төмендендігі қоғамдық денсаулыққа қосымша қауіп төндіруде. Осыған байланысты мемлекеттік денсаулық сақтау органы екпелердің маңыздылығын түсіндіру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмысын белсенді түрде жалғастыруда.
Жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірі Еуропалық иммундау апталығын өткізеді, аталған апталықтың мақсаты - инфекциялық аурулардың алдын алу және вакцинацияның маңыздылығы туралы халықты белсенді түрде хабардар ету.
2026 жылы Еуропалық иммундау апталығы 19-25 сәуір аралығында «Вакциналар әр ұрпақ үшін жұмыс істейді» деген ұранмен өтеді.
Еуропалық иммундау апталығы – бұл вакцинация тек жеке қорғану ғана емес, сонымен қатар ұжымдық қауіпсіздікке қосқан үлес екенін тағы бір рет атап өту мүмкіндігі. Өзімізді қорғау арқылы біз балаларымызды, қарттарымызды және иммунитеті төмен адамдарды қорғаймыз.
Құрметті әріптестер!
Денсаулық сақтау министрлігі иммундық-профилактика жүйесін нығайту, эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету және азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша жұмысты жалғастыруда.
Барлық азаматтарды өз денсаулығы мен балаларының денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, уақтылы вакцинациядан өтуге және ғылыми расталған медициналық ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз.
Назарларыңызға рахмет.