Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова Қарағанды өңіріне жұмыс сапары аясында «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ-қа да табан тіреді. Сапар барысында С. Бейсенова университет басшылығымен және профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесіп, тараптар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет үшін кадрлар даярлаудың басым бағыттарын талқылады. «Медициналық-профилактикалық іс» білім беру бағдарламасын жетілдірудің өзекті мәселелеріне және оны одан әрі дамытудың перспективаларына ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысы бойынша Комитет төрайымы С. Бейсенова және университет ректоры Б. Көшерова өзара тиімді ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжатта «Медициналық-профилактикалық іс» мамандығы бойынша білікті мамандар даярлау саласындағы өзара әрекеттесу, оның ішінде студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жастарға кәсіби бағдар беру іс-шараларын өткізу қарастырылған.