ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары З. Ахметованың төрағалығымен Ведомствоаралық жұмыс тобы Көліктегі бас санитариялық дәрігер Ж. Оразалинаның, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің көмегімен Астана, Алматы және Ақтау қалаларының халықаралық әуежайларының, сондай-ақ «Ақтау», «Құрық» теңіз порттарының кіру пункттеріне қадағалау саласындағы негізгі мүмкіндіктерге және Халықаралық медициналық-санитариялық қағидалардың (2005) жауап шараларына қойылатын талаптарға сәйкестігіне ішкі бағалау жүргізді.
Жоғарыда аталған халықаралық әуежайлар мен теңіз порттарының кіру пункттерін бағалау барысында Ведомствоаралық жұмыс тобы қолданыстағы негізгі мүмкіндіктердің ағымдағы мәртебесін анықтау, олқылықтар мен басқа да қажеттіліктерді анықтау бойынша жұмыс жүргізді.
Бағалау нәтижелері кіру пункттерінің басшылығымен және қызметтерімен жұмыс кездесулерінде қаралды, егжей-тегжейлі түсініктемелер берілді және алдын ала ұсынымдар әзірленді.
Ішкі бағалау қорытындылары бойынша анықталған олқылықтарды жою, тәуекелдерді басқарудың күнделікті рәсімдерін жетілдіру, Қазақстан Республикасының шекарасына кіру пункттерінде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі іс-шараларды қамтитын Жол картасы әзірленді.
Қазақстан Республикасының шекарасындағы әуежайлар мен жерүсті көлік тораптарының басқа кіру пункттеріне ішкі бағалау келесі жылы жүргізіледі.