Ағымдағы жылдың 1-3 қыркүйегі аралығында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің тапсырмасына сәйкес, Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы С. Нұрымбетов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды.
Жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрінің Солтүстік Арал теңізіне жіберілетін су көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыс шекарасына келіп жатқан су көлеміне, Солтүстік Арал теңізінің су деңгейін реттеу және Сырдария өзенінің атырауындағы көлдер жүйесін сумен қамтамасыз ету жұмыстарына мониторинг жүргізілді.
Комитет төрағасы Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының мамандарымен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге Арал ауданындағы маңызды гидротехникалық құрылыстардың, оның ішінде «Аспай» су тоспасы, «Ақлақ», «Көкарал» және «Қазалы» су тораптарының жұмысымен, сондай-ақ көлдер жүйесін суландырудың жай-күйімен танысты.
Сапар барысында Сырдария өзенімен келіп жатқан суды тиімді пайдалану, Солтүстік Арал теңізіне жіберілетін су көлемін ұлғайту, сондай-ақ Арал өңірі мен Қазалы ауданындағы Ақсай–Қуандария көлдер жүйесін сумен қамтамасыз етуді жақсарту мәселелері қаралып, тиісті шаралар талқыланды.
Қазіргі уақытта Солтүстік Арал теңізіне 140 м³/с көлемінде су жіберілуде.
Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізі мен көлдер жүйесіне бағытталатын су көлемін ұлғайту өңірдің экожүйесін сақтауға, су айдындарының жағдайын жақсартуға және балық шаруашылығын дамытуға оң әсер етеді деп күтілуде.
Облыстық тамыз конференциясы аясында «Табиғаттан танымға: экологиялық мәдениет пен өлкетану құзыреттерін дамыту» тақырыбында секциялық отырыс өтті.
Аталған іс-шараға Ертіс бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Е.А. Камбаров қатысып, «Суды үнемде – болашақты сақта» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау, суға деген жауапкершілікпен қарау, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында экологиялық сауаттылықты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар су ресурстарының қазіргі жағдайы, оларды тиімді басқарудың маңыздылығы және су тапшылығының алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Су ресурстарын сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесінің ортақ міндеті екені атап өтілді.
Іс-шара барысында білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, балалар мен жастардың табиғи ресурстарға ұқыпты қарауын дамыту және суды үнемдеу дағдыларын күнделікті өмірде қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.
«Суды үнемде – болашақты сақта» қағидаты су ресурстарын қорғауға бағытталған заманауи экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің тапсырмасына сәйкес, азаматтарды қабылдау барысында көтерілген мәселелерді жергілікті жерде зерделеу мақсатында 2026 жылғы 18 тамызда Ақмола облысы Бестөбе кентінде жұмыс кездесуі өткізілді.
Азаматтарды қабылдау барысында Бестөбе кенті тұрғынының Сілеті өзенінің ластануы және жер асты сулары деңгейінің көтерілуіне қатысты өтініші қаралған болатын. Осыған байланысты қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерделеу, проблемалық мәселелерді нақтылау және оларды реттеу бойынша қажетті шараларды айқындау мақсатында көшпелі жұмыс ұйымдастырылды.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Есіл бассейндік су инспекциясының, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жұмыс барысында Сілеті өзенінің жағалауындағы экологиялық жағдай, тұрмыстық қалдықтардың жиналуы, жануарлардың қараусыз жүруі, демалыс орындарындағы тәртіп, сондай-ақ Бестөбе кенті аумағындағы жергілікті су көздерінің жай-күйі талқыланды.
Сонымен қатар, жергілікті су көздерін анықтау, зерттеу және түгендеу, олардың жай-күйін бағалау, сондай-ақ су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану мәселелері қаралды.
Есіл бассейндік су инспекциясы тарапынан Сілеті өзені мен басқа да су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінде су заңнамасы талаптарының сақталуына қатысты тексеру іс-шараларын жүргізу мәселесі қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, оларды орындау мерзімдері белгіленді.
Аталған жұмыс азаматтардың өтініштерінде көтерілген мәселелерді жергілікті жерде нақты зерделеуге, қалыптасқан жағдайды бағалауға және су ресурстарын қорғау бағытында тиісті шараларды қабылдауға бағытталды.
2026 жылғы 3 тамызда Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік су инспекциясы басшысы Үмбетбаев Ерғали Бөрібайұлының төрағалығымен «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ-мен бірлесіп Нұра-Сарысу бассейндік кеңесінің 17-ші отырысы өтті.
Жиынның басты тақырыбы Нұра-Сарысу су шаруашылығы бассейніндегі су пайдалану лимиттері және су ресурстарының ықтимал сарқылуын болдырмау қажеттілігі мәселесі болды. Отырысқа қатысушылар су ресурстарының нақты жай-күйін және бассейн су пайдаланушыларының қажеттіліктерін ескере отырып, су пайдаланудың қолданыстағы лимиттерін қайта қарау туралы мәселені назарға алды.
Жиын барысында су ресурстарын ұтымды және орнықты пайдалану, экономиканың әртүрлі салаларының қажеттіліктері мен бассейннің су экожүйелерін сақтау қажеттілігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мәселелері, оның ішінде айналымды және қайта сумен жабдықтауды енгізудің маңыздылығы туралы мәселе қаралды.
Бассейндік кеңес отырысына инспекция қызметкерлері, «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ, облыстардың жергілікті атқарушы органдарының, мүдделі ұйымдардың өкілдері және Нұра-Сарысу бассейнінің су пайдаланушылары қатысты.
Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшысы Г.А. Азидуллин Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімдігі өкілдерімен бірлесіп, су арналары мен каналдарды тазалау және түбін тереңдету жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді.
Жұмыс сапары барысында мамандар Панкрашино, Утеринский, Щучий және басқа да каналдардағы атқарылған жұмыстармен, сондай-ақ арнайы техникалардың қызметімен танысты.
Мониторинг барысында «Ватермастер 4125» техникасы жұмыс істеп жатқан аумақта өлшеулер жүргізіліп, қазу жұмыстары басталғанға дейін су тереңдігі 1–1,2 метр болса, жұмыстар аяқталғаннан кейін ол 2,7–2,8 метрге дейін жеткізілгені белгілі болды. Бұдан бөлек, сорғыш қондырғыларды тазалау барысында шығарылған тұрмыстық және табиғи қалдықтар жағаға шығарылып, Сафон ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен арнайы қоқыс полигонына тасымалдануда.
Утеринский-1 және Утеринский-2 каналдарының бастау бөлігіндегі түбін тереңдету жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл учаскеге жұмылдырылған «ЗРС-2» мен «ЗСС 1600 Э» земснарядтары дайындық жұмыстарын жүргізуде. Каналдың аяқталар тұсында «Ватермастер 4029» қондырғысы мен экскаватор арқылы түбі тереңдетілген учаскелерді өңдеу жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі таңда нысандарда жалпы 6 земснаряд, 4 қайық және 2 буксирлік кеме жұмыс істеуде. Кемелер экипажының құрамында 35 Қазақстан Республикасының азаматы еңбек етеді. Жауапты мамандар жоспарланған түбін тереңдету жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін толық аяқтауды көздеп, жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес атқаруда.
Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы тарапынан вегетациялық кезеңнің өту барысында, суды тиімді пайдалану мақсатында су шаруашылығы саласындағы құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, бірқатар шаралар қолға алынған.
Атап айтқанда, облыс бойынша арнайы жұмысшы топтар құрылып, шаруашылық құрылымдар арасында кеңінен түсіндірме жұмыстары жалғасып, бекітілген кестеге сәйкес су алынуын бақылау үшін, каналдардың бас сағаларында су өлшеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар рұқсатсыз су алу фактілерін анықтау мақсатында да Прокуратура және Табиғат қорғау полиция өкілдерімен бірлесіп бассейн аумағында рейдтер ұйымдастырылып, судың «қара нарығын» жою жұмыстары жүзеге асырылуда.
Президенттің тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығында су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану және су шығынын азайту мақсатында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстары да басты назарда.
Мысалы Қызылорда облысында биылғы жылы су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 19,2 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған.
Аталған бірлескен жұмыстар вегетациялық кезең барысында су ресурстарын тиімді пайдалануға және су бөлуді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Шу-Талас бассейндік су инспекциясы, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы, «Қазгидромет» РМК және Қазақ ғылыми-зерттеу су шаруашылығы институтының мамандары трансшекаралық Талас өзенінде бірлескен су өлшеу жұмыстарын жүргізді.
Өлшеу жұмыстары Жасөркен және Солнечный гидрологиялық бекеттерінде, №362 каналында, Талас су торабында, сондай-ақ ЛОК, Базарбай және Төрекелді каналдарында жүзеге асырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – трансшекаралық Талас өзеніндегі нақты су шығынын анықтау, су ресурстарының есебін нақтылау және су пайдалануды тиімді реттеуді қамтамасыз ету.
Мұндай бірлескен жұмыстар су ресурстарын басқарудың ашықтығын арттыруға, гидрологиялық деректердің дәлдігін қамтамасыз етуге және суару кезеңінде су бөлуді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Шу-Талас бассейндік су инспекциясының мамандары су пайдаланушылар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Су кодексінің талаптары, су объектілерін ұтымды пайдалану, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, су пайдалану кезінде экологиялық талаптарды сақтау, сондай-ақ су заңнамасын бұзудың алдын алу мәселелері түсіндірілді.
Сонымен қатар, су пайдаланушыларға су ресурстарын тиімді пайдалану, рұқсат құжаттарын заңнама талаптарына сәйкес рәсімдеу және су объектілерін қорғау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.