
Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының аудиторлық қызметін жоспарлаудың құқықтық және рәсімдік негіздері
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесіне кіре отырып, сыртқы мемлекеттік аудитті жүргізуді және «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабында белгіленген құзыреттердің өңірлік деңгейде іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Заңның 18 және 50-баптарының талаптарына сәйкес Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының аудиторлық қызметі оның бірінші басшысы бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес ғана жүзеге асырылады. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерінде көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін мемлекеттік органдардың сұраулары бойынша мемлекеттік аудиторларды және тексеру комиссиясының өзге де лауазымды тұлғаларын тартуға жол берілмейді.
Мемлекеттік аудиттің негіз қалаушы кезеңі – тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру – объектілерді мемлекеттік аудитпен барынша қамту мақсатында оларды белгілі бір тәуекел тобына жатқызу туралы шешім қабылданатын тәуекелдерді басқару жүйелерін (мемлекеттік аудит объектілерінің қызметін бағалаудың сандық және сапалық көрсеткіштерін) қолдана отырып жүзеге асырылады.
Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру және сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу кезінде тексеру комиссиясы қолданатын тәуекелдерді басқарудың үлгі жүйесі Республикалық бюджетті атқару жөніндегі есеп комитеті және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган бірлесіп белгілеген бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерге негізделген (Есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы №13-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген, 2017 жылғы 28 желтоқсандағы №12-НҚ қаулысымен өзгерістер енгізілген).
Тексеру комиссиясының тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің, ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі адамдарының тапсырмалары, Есеп комитетінің сұратулары міндетті түрде қаралуға және есепке алынуға жатады. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың және мәслихаттардың ұсыныстары талданады, олар тексеру комиссиясының отырысына олардың орындылығы мен өзектілігін қарау үшін шығарылады.
Тексеру комиссиясының тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне:
облыстық, аудандық (қалалық) бюджеттерден, төртінші деңгейдегі бюджеттерден қаржыландырылатын және (немесе) қаражат алатын мемлекеттік аудит объектілері;
жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік кірістер органдары және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар.
Тексерулердің қайталануын болдырмау мақсатында Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен қажетті ақпаратпен алмасады, тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін және оған енгізілетін өзгерістерді келіседі/келісуді алады. Келісу тәртібі мен мерзімдері Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимыл қағидаларында регламенттелген (Есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы №9-НҚ және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 27 қарашадағы №589 бірлескен нормативтік қаулысымен бекітілген, 2018 жылғы 09 сәуірдегі №11-НК және № 448 өзгерістер енгізілген).
Тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбесі және оған өзгерістер қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзімде тексеру комиссиясының интернет-ресурсында жарияланады.