Қарағанды облысында спортты дамытудағы проблемалар туралы
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясат барлық жеке тұлғалар үшін сабақтардың теңдігі мен қолжетімділігі, халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайтын жоғары жетістіктер спортының басымдығы қағидаттарының негізінде жүргізіледі.
Мемлекет тарапынан дене шынықтыру мен спортты қолдау басымдық дәрежесі бойынша спорт түрлерінің саралануына байланысты қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлық қамтамасыз ету және спорт құрылыстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
Қарағанды облысында дене шынықтыру мен спортты қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражатынан басымдық дәрежесі бойынша спорт түрлерін саралау талаптарына қайшы келетін негізгі сомалар кәсіби клубтарды ұстауға бағытталған.
Мәселен, 2017-2019 жылдар кезеңінде және 2020 жылдың 6 айында бөлінген 20 905 726,3 мың теңгенің негізгі шығындары кәсіби клубтарды қаржыландыруға («Шахтер» футбол клубы, «Сарыарқа» хоккей клубы, «Қарағанды» волейбол клубы) 82,3%, негізгі спорттық жетістіктер әкелетін басқа да спорт түрлерін қаржыландыруға және халықаралық жарыстарда медальдық есепке барлығы 3 706 011,1 мың теңге (17,7%) жұмсалды.
Бұдан басқа, Қарағанды облысы бойынша басым спорт түрлерінің тізбесінде футбол мен волейбол басым спорт түрлері болып табылмайды және саралау қорытындылары бойынша 2018 және 2019 жылдары 3 «С» тобында, осыған қарамастан, 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда кәсіби клубтарды қаржыландырудың 12,4%-ға өскені байқалады.
«Шахтер» футбол клубы АҚ-дағы шығындарға талдау көрсеткендей, қаржыландырудың жалпы сомасынан 7 539 055,0 мың теңгенің 927 834,1 мың теңге сомасындағы қаражаты тиімсіз пайдаланылған, оның ішінде: қызметкерлер штаты 24 бірлікке негізсіз ұлғайтылған, ойыншылармен шарттарды мерзімінен бұрын бұзғаны үшін өтемақы төлеу, сот шығындарын төлеу және өткен жылдардың кредиторлық берешегін өтеу.
Кәсіби клубтарда келісімшарт бойынша жұмыс істейтін шетелдік мамандар ең жоғары ақы төленетін мамандар болып табылатыны белгілі, мысалы, «Шахтер» футбол клубында 15 шетелдік маман, «Сарыарқа» хоккей клубында 40 маман жұмыс істейді.
Бұқаралық және балалар футболының санаттары үшін футболдың қолжетімділігі оның жеткіліксіз қаржыландырылуымен шектелген, футболмен айналысатын 28 108 адамның тек 2 595-і немесе 9,2% - ы тегін айналысады. Қазіргі уақытта тегін футбол секцияларының жеткіліксіз санына байланысты осы спорт түрімен айналысқысы келетін балалар үшін футбол бойынша спорт секцияларының қолжетімділігі мәселесі шешілмеген.
Басқа спорт түрлерімен айналысқысы келетін балалар мен жасөспірімдерді мониторингтеу және есепке алу жүргізілмегендіктен балалардың қамтылуын, спорт секцияларының қажеттілігі мен қолжетімділігін айқындау мүмкін емес.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби спорт клубтарын ұстауға, халықты, бірінші кезекте балалар мен жасөспірімдерді жаппай дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін тартуға бағытталатын қаржы ресурстарын қайта бағдарлау және қайта бөлу мәселесіне ерекше назар аударды.
Осылайша, Қарағанды облысында бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша кешенді жоспарын әзірлеу қажеттілігі бар, сондай-ақ азаматтар үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету, осы салада кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу және кәсіби клубтарды ұстауға бөлінетін қаражатты қысқарту есебінен қаржыландыруды ұлғайту қажеттілігі туындайды.
Халықтың көп бөлігін дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тартудың әлеуметтік әсерінен дені сау қоғам қалыптасатыны сөзсіз, бұл денсаулық сақтау шығындарын қысқартады.