
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті бүгінде 33 нақты және 10 қауымдастырылған мүшесі бар Энергетиканы реттеу органдарының Өңірлік қауымдастығының (ЭРРА) жұмыс істеп тұрған мүшесі болып табылады.
Қауымдастықтың негізгі міндеті өз мүшелері арасында ақпарат пен тәжірибе алмасуды ұлғайту және бүкіл әлемде энергетиканы реттеудің жинақталған тәжірибесіне қолжетімділікті кеңейту болып табылады.
Бүгін, 2020 жылғы 17 қыркүйекте, виртуалды режимде Энергетиканы реттеу органдарының Өңірлік қауымдастығының (ЭРРА) Жалпы жиналысының кезекті отырысы өтті.
Қауымдастықтың Жоғарғы органы болып табылатын Жалпы жиналыстың отырысында ЭРРА төрағасы, Март Отс (Эстонияның Бәсекелестік агенттігінің басшысы) құттықтау сөз сөйледі.
Жалпы жиналыстың отырысы барысында ЭРРА қызметіне қосқан елеулі үлесі үшін доктор Абдулла М. Әл-Шехри (Сауд Арабиясы) және Аттила Никош мырза (Венгрия) қауымдастықтың құрметті мүшелері болып сайланды.
Одан әрі, Жиналыс мүшелері бірауыздан Абу-Даби, Алжир, Шығыс Африка, Франция реттеуші ведомстволарына ЭРРА-ның қауымдастырылған мүшелері мәртебесін беру туралы, сондай-ақ Таиландтың Энергетикасын реттеу жөніндегі комиссияның қауымдастықтың толық мүшелері қатарына кіруі туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ, қатысушылар ЭРРА қызметі туралы есепті, 2019 жылғы қаржылық және аудиторлық есепті тыңдап және бекітіп, келесі жылға жұмыс жоспары мен жылдық бюджетті, мүшелік жарналардың мөлшерін мақұлдады.
Одан басқа, Жалпы жиналыс аясында Президиум құрамына нақты мүшелер өкілдері қатарынан сайлау өтті. Президиум мүшелері сайланған күнінен бастап, екі жыл мерзімге тағайындалады және қайта сайлануға құқығы бар.
Президиум мүшелігіне кандидат ретінде, Австрия, Албания, Грузия, Латвия, Сауд Арабиясы, Түркия, Солтүстік Македония, Эстония өкілдерімен қатар, ТМРК-ның Төрағасы Асан Дарбаев та кірді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша, Президиум Төрағасы болып Меликидзе Майя ханым тағайындалды, ал Төрағаның орынбасары болып Саджвари Пал мырза тағайындалды.
Реттеуші органдар - ЭРРА мүшелерінің донорлар қаржыландыратын жобаларға қатысуы және алғыс хаттарды тапсыру туралы мәселені талқылағаннан кейін, ЭРРА Жалпы жиналысының қорытындысы шығарылды.