Астанада "KEGOC" АҚ тарифтерінің өзгеруі бойынша жария тыңдаулар өтті

Астанада "KEGOC" АҚ тарифтерінің өзгеруі бойынша жария тыңдаулар өтті

Бүгін, 2025 жылғы 11 наурызда ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті «KEGOC» АҚ-ның реттелетін қызметтеріне бекітілген тарифтер мен тарифтік сметаларды өзгертуге арналған өтінімді талқылау бойынша жария тыңдаулар өткізді.

Жария тыңдаулар ТМРК төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаевтың төрағалығымен өткізілді, ол қатысушыларды іс-шараны өткізу тәртібімен таныстырды.

Ол барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп, оларды өтінім бойынша ұсыныстар мен ескертулер беруге шақырды. «Жария тыңдауларды өткізудің мақсаты – ашықтықты, жариялылықты, ақпараттандыруды қамтамасыз ету және тұтынушылар мүдделерінің теңгерімін сақтау», – деп атап өтті Нұрлан Болатбаев.

Іс-шараға салалық мемлекеттік орган атынан ҚР Энергетика министрлігі, «KEGOC» АҚ-ның басшылығы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

Реттелетін қызметтерге жоспарланған тарифтер туралы «KEGOC» АҚ-ның Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры - Айгүл Әкімбаева баяндама жасады.

Жария тыңдаулар офлайн режимде өткізілді және бір уақытта «ZOOM» платформасында және ТМРК-ның Facebook-тегі ресми парақшасында көрсетілді, бұл мүдделі тұлғаларға нақты уақыт режимінде сұрақтар қоюға мүмкіндік берді.

Іс-шара соңында ТМРК төрағасының орынбасары ұсынылған жобаның алдын ала екенін және түпкілікті шешім «KEGOC» АҚ-ның өтінімін ҚР заңнамасында белгіленген мерзімдер мен тәртіппен мұқият қарау қорытындысы бойынша қабылданатынын еске салды.