Сдерживание «аппетита» монополистов

Сдерживание «аппетита» монополистов

Мамандар  Шымкенттегі тарифке  түсінік берді

«Жас Алаш» газетінің өткен сандарының бірінде біз  Шымкенттегі коммуналдық қызметтердің тарифіне қатысты мақала жариялап, онда қоғам белсендісі, Шымкент қалалық әкімдігіндегі тарифтерге қатысты комиссияның мүшесі, заңгер Тілеулес Лестің пікірін берген болатынбыз («Тарифтер неге теңселеді?», «Жас Алаш» №28-29, 21 сәуір 2020 жыл). Мақала жарық көргеннен кейін газеттің Шымкенттегі қосынына ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дархан Қаинбердиев хабарласып, өзінің уәжін білдірді.

 

– Қоғам белсенділерінің тарифке қатысты мәселеге араласқанын қолдаймыз. Өйткені, айналып келгенде, бәріміздің ортақ мақсатымыз тұтынушының мүддесін қорғау емес пе?!  Бірақ біржақты пікір айту дұрыс емес деп ойлаймын. Біздің департамент 2018 жылдың қарашасында құрылды және сол аралықтан бері тарифті төмендету бағытында көптеген жұмыстарды атқарды, – деген басшы осы жұмыстардың бірқатарына тоқталып өтті.

Оның айтуынша, 2018 жылы елбасының Қауіпсіздік кеңесінде тарифтерді төмендету бойынша берген тапсырмалары осы саладағы жұмыстарға үлкен серпін берген. Нәтижесінде Шымкентте жылу тарифі – 22, ауызсумен жабдықтау мен кәріз – 10,  табиғи газ 5,8 пайызға түсті. Облыс пен Шымкент қаласын жарықпен бір монополист – «Энергопоток» кәсіпорны қамтамасыз етеді. Сондықтан оның тарифі комитеттің Түркістан облыстық департаменті арқылы бекітіледі. Дегенмен сол жылы электр энергиясының тарифі 6,8 пайызға арзандаған. Ал, жалпы алғанда, атқарылған жұмыстардың арқасында мегаполисте жылына тұтынушының қалтасындағы  4 миллиард теңге қаражат үнемделген. Монополистердің «тәбетін» тежеу жұмыстарының нәтижесінде биыл ауызсу, жылу қызметтерінің тарифі қолданыстағы деңгейде қалдырылды. Ал табиғи газдың тарифі 32,47 теңгеден 31,59 теңгеге немесе 2,7 пайызға төмендеген. Рас, биылдан бастап қалада жарықтың бағасы 6 пайызға қымбаттаған (бірақ ол 2018 жылғы деңгейге жеткен жоқ). Себебі энергия өндіретін кәсіпорындар өз өнімдерінің бағасын энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес өсірген.

 

– Мақалада Тілеулес Лес тарифті төмендету үшін қалалық әкімдікке барғанын айтады. Бірақ әкімдік тарифті бекітумен айналыспайды. Оны тек табиғи монополияларды реттеуші уәкілетті органдар бекітеді. «Су ресурстары- Маркетинг» кәсіпорны суды сатып алмайды және тасымалдамайды» деген тұжырыммен келісу қиын. Алынған су тұтынушыға дейін жеткізіледі, яғни тасымалданады. Ал мекемеде қыста – 20, жазда 50 насостың жұмыс істейтіні туралы мәселе түсініксіздеу. Ауызсудың тарифі жаздық, қыстық деп бөлінбейді, ол барлық коммуналдық қызметтер сияқты  жылдық орта шығындарды есепке алып бекітіледі. Қоғам белсендісі, өзінің есептеуі бойынша, қаладағы ауызсудың бағасы 47 теңге болуы тиістігін алға тартыпты. Егер солай болса, оны дәлелдеу үшін неге біздің департаментке немесе сотқа жүгінбеген? – деді Дархан Әбілқасымұлы.

Қазір ауызсудың қымбаттығы жағынан Шымкент Қазақстандағы өңірлер арасында төртінші орын алады,  канализация қызметін қоса есептегенде, 10-орында. Монополистерге тариф бес жыл сайын бекітіліп беріледі. «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесі жаңа тарифке өтінімді биыл жыл соңында беруі тиіс.

– Жаңа тарифті бекіту үшін жария тыңдаулар өткізіледі. Сол кезде қоғам белсенділерін жаңа тарифті талқылауға шақырамыз. Келіп, өздерінің пікірлерін айтсын. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», – деді департамент басшысы.

 

Жылу тарифінің қымбаттығы бойынша шаршы метрге шаққанда Шымкент республикада  сегізінші орында болса,  табиғи газдың қымбаттығы жағынан бірінші орында тұр. Соңғы екі жылда  газ тарифі 8,4 пайызға төмендеген. Алайда  тұрғындары төмен жалақы алатын Шымкент пен Түркістан облысы үшін газдың бағасы тым қымбат болып тұр.

 

Газ тарифін бекітуде жергілікті департаменттің  ықпалы аз. Тарифтің -72,4 пайызы немесе 23 теңгесі энергетика министрлігі тарапынан бекітіледі. Тасымалдау шығыны (тарифтің -22, 6 пайызын немесе 7,2 теңгесі) ғана департаментпен бекітіледі. Ал жабдықтау шығыны 5 пайызды немесе 1,6 теңгені құрайды және орталық комитетпен белгіленеді.

 

Газ тарифінің қымбаттығын алға тартып, жергілікті қоғам белсенділері энергетика министріне хат жазған. Алайда осы уақытқа дейін газдың Шымкент пен Түркістанда неге қымбат екеніне нақты жауап берілмей келеді.

 

– 1 шілдеде газдың көтерме жаңа бағасы энергетика министрлігі тарапынан бекітіледі. Аталған министрлік өзіне қатысты тарифті бекітер кезде ұлттық экономика министрлігінен келісім алады. Сондықтан Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов екі министрдің атына тарифті төмендету жөнінде хаттар жолдайды, –деді Дархан Қаинбердиев.

 

Бұл жұмыстардан қандай нәтиже шығары әзірше белгісіз. Департамент басшысы газ тарифін қымбаттатпай, осы деңгейде ұстап қалудың өзі де жақсы жетістік екенін айтып отыр. Себебі «ҚазТрансГаз Аймақ» тарифті қымбаттату жөнінде мәселе көтеріп жатқан көрінеді.

Айтпақшы, төтенше жағдай кезінде монополистердің тарифті уақытша арзандатқанын біз өткен нөмірлерімізде жазған едік. Д.Қаинбердиевтің айтуынша, осы шараны жүзеге асыру нәтижесінде  мегаполис тұтынушылары бір ай ішінде 30 миллион теңгеден астам қаражат үнемдепті.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

Шымкент қаласы

Источник: https://zhasalash.kz/article/9409-monopolisterdinh-tabetin-tedgeu